Келер айда Атырау облысында екі ауданның әкімі сайланады. Саяси науқанға дайындық барысын өңірге арнайы барған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров тексерді. Алдымен жастармен кездесіп, ел үшін айтулы шараның маңызын түсіндірді. Кейін, сайлау учаскелерін аралап, жағдаймен жіті танысты. Сайлау өтетін Исатай ауданында-15, Қызылқоға ауданында-19 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Вахталық әдіспен қызмет ететін тұрғындар да саяси науқаннан қалыс қалмайды. Өйткені, олар үшін арнайы автобустар ұйымдастырылады. Кеніштердегі сайлаушыларды жұмыс беруші мекемелер мен жергілікті атқарушы билік қамтамасыз етеді. Айта кетейік, 5 қарашада республика көлемінде 3 қала және 45 аудан әкімі сайланады.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Барлық тиісті мемлекеттік органдардың дайындығы өте жоғары болуы керек. Оны жергілікті билік қамтамасыз етеді деп өз сөздерін беріп жатыр. Сонымен қатар учаскелерді де аралап шықтым. Тиісті дайындық бар. Жұмыс жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.