Мақтаның құны былтырғыдан да түсіп кетті. Жиын терімді бастаған шаруалар биылғы баға маңдай терімізді ақтамайды деп қынжылады. Оның өзінде зауыт иелір өткізген өнімнің ақысын толық бермейді. Өңірдегі тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы диқандармен кездесті.
Жетісайлық шаруаларға биыл мақта өсіру оңай соқпады. Минералды тыңайтқыш пен жанар жағар майдың, ағын су қымбат. Енді жиын терім кезінде жұмыс күші де, мақта теретін техникалар да бағаны аспандатып жіберген.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Биыл мақталық алқаптарда мынадай арнайы техника көп. Себебі шаруалар джондир сияқты комбайнға тергізген тиімді дейді. Ақысы гектарына 60-70 мың теңге алады . Ал жұмысшылар мақтаның келісін 45-50 теңгеден тереді. Бұл салыстырмалы түрде қымбат саналады.
Мақтамен күн көріп отырған тұрғындар өнім алғанша миллиондаған қаражат жұмсаған. Басым көпшілігі зауыттардан көктемде қарыз алса, өзгесі қорадағы малын сатқан. Күзде табысқа кенелеміз дегендердің көңілі күпі.
Өскенбай Ахов, шаруа:
Гектарына 280 мың шығын шығарамыз, оу қыстан бастап. Жер жыртуы бар, суғаруы бар. Алты миллиондай қарызымыз бар. Енді мақтаның бағасы мынандай болып тұр, 220 мың теңге. Былтырғы бағаға зар болып тұрмыз ғой, 250 мың теңгеге. Оны да араластырып беріп жатыр. Күтіп отырмыз әлі бағаны, баға жоқ.
Ала жаздайғы еңбек зая кетті деген шаруалар субсидия төленгенде мұншалықты қиналмас едік дейді. Ал, мақтадан басқа дақыл егуге жер жарамайды. Ағын су тапшы.
Шәкір Аманқұл, шаруа:
Зауыт үшін жұмыс істеп жатыр халық. Өз шығынын жапса жапты, жаппаса қайтадан сол тапқан ақшаны қайтадан жерге саласың да. Қайтып зауытқа істейсің, айналысып келіп жатыр ғой. Басқа зат егейін десе жер көтермейді, сорланған.
Мақта қабылдау пункттері әзірге шаруаларға толық ақшасын бере алмай отыр. Сырттан алушы келмеген соң, нақты баға да белгіленбеген.
Нұрлан Қосақбаев, Мақта қабылдау бекетінің өкілі:
Өткізіп жатқан шаруалардың основнойы қарызға алған мақталарды қабылдап жатырмыз. Сосын жеке өзі қарыз еместері де, өткізіп жатыр. Оларға 150 теңгеден аванс беріп жатырмыз. Бізде нақты баға жоқ.
Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Мысалы жеті зауыт болса, бізде нақты жұмыс істеп жатқан қазіргі таңда бес зауыт 220 теңгеден деп белгіледі. Қазір 220 теңгеден бағаны шығарды олар. Ал, 100 бен 150 мың теңгенің арасында аванс беріп жатыр қазіргі таңда.
Өңірдегі 21 зауыттың 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар. Өндіріс қожайындары жоғары баға қоя алмаймыз, қалтамыз көтермейді дейді. Сондықтан баға әзірге тек 220- 250 теңгеден ары аспайды.
Айнұр Әбілқасымқызы