Ертең Азия ойындары аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Азия ойындары аяқталады

07.10.2023

Азия ойындарыныңы тағы бір Алтын медалі қоржынға түсті. Жарыс мәреге таяған сәтте тағы да карате шеберлері қуантты. Софья Берульцева қарсылас шақ келтірмеді. Бүгін жалпы Қазақстан атлеттері 15 спорт түрі бойынша сынға түсті. Жарыс күнінің қорытындысы жайлы Қытайда жүрген әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білсек.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Расында каратешілер бүгін де жанкүйерлерді қуантты. Бұл спорт түрінен жарыстың басталғанына үш күн. Күн сайын спортшылар алтынмен қуантып отыр. Бүгін Ұлттық құраманың көшбасшысы Софья Берульцева Ханчжоу татамиіне шықты. Ол бұл жарыстың айқын фавориті еді. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері іріктеу сынында чемпионға сай, қарсыластарын сенімді ұтты. Финалда отандасымыз непалдық Арика Гурунгпен кездесті. Спортшылар алғаш рет татамиде жолығып отыр. Отандасымыз 3:0 есебімен басым түсіп, кезекті алтын жүлдені сыйлады. Софьяның сұхбатына назар салсақ.

Бұдан бөлек, бүгін Азияның екі дүркін чемпионы Данияр Юлдашев та алтын үшін таласты. Финалдық айқаста ол Малайзия өкілімен кездесті. Талас-тартыс соңғы сәтке дейін жалғасты. Алайда жерлесіміз қарсыласына жол беріп, күміс медаль иеленді. Ал 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Дидар Әмірәлі қоржынға тағы бір қола жүлде салды. Бұдан бөлек джиу-джитсудан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мариан Урдабаева қола жүлде үшін таласта командаласы Ажар Салықовамен сайысып, жеңіске жетті.

Ал, слаломды ескек есуден жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшы 119, 29 ұпай жинап, ХІХ Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Әртістік жүзудің дуэт бағдарламасында өнер көрсеткен Ясмин Тұяқова мен Арина Пушкина көрсеткен өнерлері үшін төрешілерден 418 ұпай алып, үшінші орынға табан тіреді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу