Израильде соғыс жағдайы жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильде соғыс жағдайы жарияланды

07.10.2023

Таяу Шығыста жағдай ушықты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Израиль әскерилері жауап ретінде Газа секторына әуеден соққы берген. Мұның алдында палестиналық Хамас тобының мүшелері таңертең күтпеген жерден Израиль аумағына басып кірді. Шабуылдан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Ақпарат сәт сайын жаңарып отыр. Әлем лидерлері қақтығысушы тараптарды сабырға шақырды.

Израиль соғыс жағдайын жариялады. Бүгін таңертең ел аумағына Палестина территориясынан күтпеген жерден Хамас мүшелері кірді. Қарулы топ құрлықтан, теңізден және әуеден парапландармен енген. Хамас тобының командирі Моххамед Деиф әскери операция басталғанын мәлімдеп, палестиналықтарды күресуге үндеді. Оның сөзінше, Газа секторынан Израиль аумағына 20 минутта 5 мыңдай ракета ұшырылған. Бірнеше қалада дабыл іске қосылды. Тель-Авивтегі ғимараттарға да зымыран түскен. Соңғы мәліметтерге қарағанда, атыс-жарылыстан Израильде 40 адам қаза тапты. Зардап шеккендер саны 700-ден асқан.

Голан, Израиль тұрғыны:

Таңғы 6-да үйіміздің жанына зымыран құлады. Есік-терезелер, қабырғалар қирады. Бәрі өртеніп кетті. Балалар қорқып қалды.

Израиль аумағында, оның ішінде әскери базаларда жергілікті сарбаздар мен палестиналықтар арасында атыс жүріп жатыр. Израиль полициясы 14 елдімекенде, 60-қа жуық «палестиналық содыр» жүргенін мәлімдеді. Ал Хамас Израиль әскерилерін тұтқынға түсіргені туралы бейнежазба жариялады. Әлеуметтік желілерде оларды Хамас-тың бақылауындағы Газа секторына әкетіп жатқаны туралы мәлімет тарады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху қауіпсіздік кабинетінің отырысын шақырды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Израиль азаматтары, бізде соғыс болып жатыр. Таңертең Хамас Израиль мемлекеті мен оның азаматтарына қарсы күтпеген шабуыл жасады. Запастағы әскерилерді армияға шақыруға бұйрық бердім. Барлық Израиль азаматтарын әскерилер мен арнайы қызмет мамандарының нұсқауларын толық орындауға шақырамын.

Израиль жауап ретінде Газа секторын әуеден атқылады. Одан қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Израильге жақын маңда тұрып жатқан палестиналықтар үйлерінен қашып жатыр.

Амаль Абу Дака, Газа тұрғыны:

Біз қорқамыз, олардың жауабынан қорқамыз. Олар бізді жер бетінен жойып жіберуі мүмкін деп үрейленеміз. Құдай бәрімізді қорғасын.

Әлем елдері Израиль мен Газа секторындағы жағдайдың ушығуына қатысты түрлі мәлімдеме жасап, тараптарды сабырға шақырды. Шабуыл соңғы айларда Израиль мен Палестина арасында шиеленіс пен зорлық-зомбылық өрши түскеннен кейін болып отыр. Саяси сарапшылар Израиль Газа секторына әскер кіргізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу