Жылдар бойы сыртта жүріп ана тілінен ажырап қалған қандастарымыздың қазір қазақша үйренуге, домбыра тартуға құлшыныстары жоғары. Балалары мен немерелерінің домбыра тартып, ұлттық өнерді дәріптегенін қалайды. Алайда шетелде домбыра табу оңай емес. Осы олқылықтың орны толғандай. Ыстамбұлда түрік ұлттық аспаптарын дайындайтын шеберхана, домбыра жасай бастады.
Орал аға түрік шебері жасап біткен домбыраның үнін тексеріп жатыр. Домбыра сәтті шыққан. 30 жылдан бері осы іспен айналысатын Орал Кәрібаевтың Өскемендегі шеберханасынан шыққан ұлттық аспаптарды еліміздің барлық облыстарында өнер ұжымдары қолданып жүр. Аз уақытқа Ыстамбұлдағы немересіне келген Орал аға түркиялық шебермен кездейсоқ жолығып, оған домбыра жасауды үйретемін деп шешкен.
Орал Кәрібаев, домбыра шебері:
Диаспорадағы үлкен өкілдермен телефонда сөйлессек 5 балаға 1 домбыра дейді. Содан әлгі ойыма келе қалды да бұл жігіттермен танысам, бұларға үйретем. Мұндағы біздің қарға тамырлы қазақ шамалары келгенше осы жерден алуға болады. Қазақстаннан домбыра алу қандай, мына жерден алу қандай. Алдыма мақсат қойдым. Қалың қазағымның ұрпағына титтей пайдам тисін деген оймен келдім.
Юсуф 25 жылдан бері түріктің бағлама және саз деген ұлттық аспаптарын жасаумен айналысады. Қазақ аспабының үнін қатты ұнатқан шебер домбыра жасауды үйрену аса қиын болмады дейді.
Юсуф Чам, ұлттық музыка аспаптары шебері:
Орал ағамен осы домбыраның арқасында дос болып кеттік. Маған домбыра жасаудың қыр-сырын үйретті. Мен өзім екі домбыра жасадым. Біздің бағлама деген аспапқа ұқсайды екен. Бауырлас ел болғандықтан аспаптарымыз да бір біріне жақын.
Қазір Ыстамбұлда екі домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Ол жерде 50-ге жуық қазақ баласы домбыра үйреніп жүр. Енді Түркияда тұратын қандастарымыз ұлттық аспабымызды еш қиындықсыз осы жақтан таба алады. Ал бар білгенін түрік шеберлерге үйретіп, ойындағысы орындалған Орал аға жақында елге қайтады.
Айдос Әшімұлы