Қостанай облысындағы медицина мекемелері қарызға белшесінен батып жатыр. Жыл басынан бері олардың коммуналдық қызмет, дәрі дәрмек пен азыққа берешегі 3 млдр 6 млн теңгеге жеткен. Жабдықпен қамтушыларға қарызы – 4 миллиард 300 млн теңгеден асады. Денсаулық саласын медициналық сақтандыру стандарттарына сәйкес қаржыландыру осындай тығырыққа тіреді. Қайтпек керек? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Үш жүзге тарта науқасқа қызмет көрсетуге қауқарлы облыстық балалар ауруханасының әкімшілігі қазір қатаң үнемге көшкен. Судың құлағын байқап бұрайды, дәліздегі жарықты өшіріп қояды. Алайда нәтиже шамалы. Қарыз күннен күнге көбейіп барады.
Нұрлан Ержанов, Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Бізде ақша жоқ, тек қана айлыққа жетеді. Қалғаны қалмайды. Шамамен 90-95 пайызы қаржының айлыққа кетеді. Содан бізде ақша қалмайды, содан біз төлей алмаймыз коммунальные, медикаменты, просто ақша жоқ.
Аурухана басшыларының айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекіткен емдеу тарифтері шығын есебімен сәйкес келмейді. Яғни, көрсетілетін қызметтің өзіндік құны қымбат, ал төленетін ақы өте аз. Бүгінде медицина нақты жағдайға қарай жұмыс істеудің орнына ақылға қонымсыз ережелерді орындауға мәжбүр.
Талғат Қайкенов, Рудный қалалық ауруханасының дәрігері:
Бөлімшілерге қанша ақша бөлінсе, сонша сомаға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Тіпті, мәйітханаға әкелгендердің 80 пайызының міндетті түрде әлеуметтік сақтандыруы болуы тиіс. Ал тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша 20 пайыз ғана қабылдауға болады.
Осылайша нақты өмірдегі жағдаймен еш сәйкеспейтін ереженің кесірінен ауруханалар млдрттап қарызға батты. Жергілікті әкімдік көмек ретінде бөлген 728 млн теңге бөлген. Бірақ ол берешектің жартысына да жетпейді.
Данияр Жандаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Кадрлық саясатты, дәрілік препараттарды алу келісім-шарттарын оңтайландырамыз. Үнемдеуге тура келеді. Алайда медициналық қызмет көрсету тарифын өзгерпейінше қарыз қамытынан еш құтылмаймыз. Әлеуметтік сақтандыру қоры ауруханалардың медициналық көмек көрсетуіне қосымша екі миллиард теңге бөлді.
Әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері түйткілдің туындауын жергілікті аурухана басшыларының менеджментті жетік меңгермеуінен көреді. Осылайша денсаулық саласы бизнестің бір бөлшегіне айналып берекесі кетіп тұр.
Дәуренбек Әбдібек