Түркістан облысында ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсара бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсара бастады

10.10.2023

«Ауыл аманаты» – ауыл халқының тұрмыстық жағдайын жақсартатын жоба. Түркістан облысының Жетісай ауданында төрт елдімекен тұрғындары осы жобамен қаражат алып, кәсіптен нәсіп тауып отыр. Бәзбірі мал басын көбейтіп, бордақыласа, енді бірі жылыжай ісін жандандырып келеді. Тіпті, ауданда атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан тұрғындар да бар. 

Қазыбек би ауылының тұрғыны Марат Бекетаев 10 жылдан бері жиһаз құрастыруды кәсіп етіп келеді. Алғашында өзіне және туыстарына жиһаздар жасап жүрген шебер осы кезге дейін өзге кәсіпкердің цехында жұмыс істеген. Енді өзінің жеке шеберханасын ашты. «Ауыл аманаты» жобасына құжат тапсырған ол жеңілдетілген пайызбен жеті миллион теңге алып, қазір өзі сияқты үш ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

Марат Бекетаев, Қазыбек ауылының тұрғыны:

Осы уақытқа дейін тірлік жасау үшін бізде құрал-жабдықтар болмады. Жеңіл-желпі істеп жүрген тұғынбыз. Үкіметтің көмегімен, беріп жатқан қаржысымен станоктар алдық. Тапсырысымыз да көбейді, табысымыз да көбейді. Екі жағынан да тиімді болып тұр қазір. 

Ал Ералиев ауылдық округінде тұратын шаруа Асрор Қамбаров екі бірдей жылыжай салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасынан бөлінген бес миллион теңгеге қияр егіп, қазір базарларда саудалай бастаған. Бастысы, отбасымызбен жұмыспен қамтылдық, деп қуанады диқан.

Асрор Қамбаров, шаруа:

Бір жыл бойы ақша құймайсың. Екінші тиімділігі – алты ай сайын кварталмен төлейсің. Басқа банктер 20 пайыз сұрайды. Ол бес жылда бірге бір қосылып кетеді. Ал осы 2,5 процент өте тиімді.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, аталған бағдарламамен қаражатқа қол жеткізу аса қиындық туғызбайды. Қажетті құжаттардың басым көпшілігін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алса, қалғандарын жергілікті әкімдіктегілер түгендеп береді.

Серік Пірімбеков, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:

Төрт ауылдық округ бойынша 292 кәсіпкерлерден жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 159-ы нақты қаржыландырылды. Одан кейін мынау 21 мен 35 жас аралығындағы жастарды несиелендіру бағыты бойынша да 2,5 пайыздық несие жүріп жатыр.

Аталған жобаға аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да қатысып, қаржы алуда. Бүгінде 23 жанұя мемлекеттен берілетін көмектерден бас тартқан. Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Түркістан облысына 20 млрд теңге бөлініп отыр.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу