Қытай Халық Республикасы – Абай облысының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай Халық Республикасы – Абай облысының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі

10.10.2023

Қазақстан Республикасының Президенті Қытай халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінде көрші елмен жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды екенін атап өтті. Осыған орай, бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қытайдың СУАР Тарбағатай ауданы делегациясын қабылдап, сыртқы сауда-экономикалық серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Қытай Халық Республикасы – Абай облысының негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Облыстың көрші елмен сыртқы тауар айналымы осы жылдың өзінде 250 млн АҚШ долларын, эскпорт көлемі – 169,6 млн АҚШ долларын, импорт 80,4 млн АҚШ долларын құрап отыр. Мемлекеттер арасында ауыл шаруашылығында, жасыл энергетикада, туризм саласы мен электрондық саудада бірлесе жұмыс атқару маңызды. Қазір Қытайдағы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының құрылысы басталды. Біздің шекарада да осындай жоба іске аспақ. Ондағы жұмыс басталғанда кедендік қатынастар мен сауда-саттықта кідіріс болмауы маңызды. Сондықтан Абай облысының әкімшілігі мен Қытайдың СУАР Тарбағатай ауданы басшылары өзара жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен «Бахты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу жоспарланып отыр. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына және көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға тың серпін береді. Біздің басты аймақтық міндетіміз – Мемлекет басшыларының уағдаластықтарын толық іске асыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау. Өз тарапымыздан аталған жобаларға барынша қолдау көрсететін боламыз.



Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу