Астанаға 40-тан аса елден отандасымыз келді. Олардың қатарында Америка, Франция, Германиядан келген қандастарымыз да бар. Олар өзге елде жүрсе де, өзінің ана тілін ұмытпаған. Жүрегі қазағым деп соққан жандар. Бүгін қонақтар Астанадағы иподромда ұлттық спорт түрлерін тамашалады. Ертең «Отандастар» форумына қатысады.
Қазақ жеріне келген қандасымыздың бірі – Садия Сүрер. Ол Түркияда дүниеге келген. Жасы 63-те. Соңғы 40 жылдан бері Германияда тұрып жатыр. Ол қазақ жерінде мүлдем тұрмаса да бірақ қазақ тілін ұмытпаған. Ана тілім қанмен берілгендіктен, қазақ тілін ұмытуға хақым жоқ дейді.
Садия Сүрер, Германияның Кельн қаласындағы қазақ қауымдастығының төрайымы:
Бұйырса, осында келіп өмір сүргім келеді. Германияда қолдан келгенше қазақтың өнерін, қазақ екенімді ұмыттырмау үшін сол қоғаммен жұмыс істеп жатырмыз.
Садия Сүрер сынды 200-ден аса қандасымыз Астанаға келді. Олардың барлығы – шет елде қазақ ұйымдарын құрып, төл өнеріміздің насихатталуына өз үлестерін қосып жүрген жандар.
Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:
Жан-жақтан келген қандастарымызға біздің аспаптарды, ұлттық спорт түрлерімен таныстырдық. Солар арқылы біздің ұлттық спорт түрлерімізді бүкіл әлемге таныстыру басты мақсатымыз болып табылады.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕ АҚ басшысы:
Отандастар қоры құрылғалы бері биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы форумның ауқымы үлкен. Өткен форумға 100 делигат қатысса, биыл 40 елден 200 делегат қатысып отыр.
«Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» сынды мәселелер ертең Отандастар форумында талқыланады.
Самал Қабышева