Орал қаласының прокуратурасы 10,6 млн теңге грант сомасын мақсатсыз жұмсап, қайтарымсыз қаржыны желге шашқан азаматтарды жауапқа тартты. Заңбұзушылықтар қалалық жұмыспен қамту орталығында «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар» мемлекеттік бағдарламасының орындалуын тексеру барысында анықталды. Мәселен, 14 азамат қаржыны мақсатты пайдалануды растау үшін бұрын сойылып, тіркеуден шығарылған ұсақ малды және туыстарының атындағы ірі қараны сатып алу жайлы жалған құжат көрсеткен. Әрі тауарлық чектері де қолдан жасалған боп шықты. Сондай-ақ, грант алған адамдардың бірде біреуі бизнес-жобаны іске асыру үшін нақты кәсіппен айналыспаған. Енді негізсіз алынған қаражат қазынаға қайтарылады.
Әзиз Нияров, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5 млн теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылды. Екі тұлға 2 млн теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісім жасады. Төрт тұлға мемлекеттік бюджетке берілген гранттардың сомасын ерікті түрде өтеді. Бүгінгі таңда 6 тұлға мемлекеттік бюджетке 4 млн теңгеден астам сомаға іске асырылмаған гранттарды бюджетке қайтарды.
Ардақ Мұратқызы