Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық форумы аясында бірқатар кездесулер өткізді.
Әуелі «Draper Fisher Jurvetson» компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер Университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті. Оған президент халықаралық форумға белсенді қатысқаны үшін және мазмұнды баяндама жасағаны үшін алғыс айтты. Ал, Тим Дрейпер «Draper Fisher Jurvetson» компаниясы Қазақстан нарығына зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Кездесу барысында венчурлық капитал мен стартаптар индустриясын дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, TikTok компаниясының бас директоры Чжоу Шоуцзы да президентпен кездесті. Қазір TikTok платформасына 10 миллионнан астам қазақстандық тіркелген. Әлемге танымал сервис алғашқылардың бірі болып қосымша интерфейсін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ кибербуллингтің алдын алу мәселелері бойынша уәкілін тағайындады. Кездесу барысында креативті индустрия, жасанды интеллект, электронды сауда сияқты бағыттар талқыланып, TikTok арқылы Қазақстанның мәдениеті мен туристік мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде насихаттау мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы «SpaceX» компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейермен де кездесті. Президент «SpaceX» - ғарыш телекоммуникациясы саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі екенін атап өтті. Ал, Лорен Дрейер «StarLink» компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспары және еліміздің шалғай ауылдарын спутниктік интернетпен қамтамасыз ету жобасы туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Томас Прамотедхамды да қабылдады. Ол Presight (G42) компаниясының басқарма төрағасы. Аталған компания «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны айтылды. Мемлекет басшысы G42 холдингінің еншілес «AI Brain» компаниясын Назарбаев Университеті жанындағы Жасанды интеллект институтымен серіктесе жұмыс істеуге шақырды.
Азамат Бейбітұлы