Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Кездесу барысында мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Президент қазақ тілін одан әрі дамыту тақырыбы әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтты. Ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық беру жөн деді. Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Өз кезегінде Рауан Кенжеханұлы қордың бастамасымен жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспары жайында мәлімет берді.
Рауан Кенжеханұлы, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ұлттық құрылтайдың мүшесі:
«Біз алдағы уақытта тілді меңгерем дегендерге қажетті мазмұн мен әдістемені, одан кейін қазақ тілінде сөйлейтіндерге өз тілінің аясында тұлға, маман ретінде жетіліп, дамуына қажетті мазмұнды көбейтуге, одан кейін өзіміздің Қазақстандағы осы саладағы мамандардың күшімен қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға және ол тілде жұмыс істеуге қажетті технологиялық шешімдерді көбейтуге ұсыныс бердік, президент оларға қолдау білдірді».
Азамат Бейбітұлы