Президент Бейжіңде әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Бейжіңде әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты

17.10.2023

Екі күндік ресми сапармен Қытайға барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын айтса, төраға Си Цзиньпин халықаралық жағдай қалай құбылса да ресми Бейжің мен Астана өз ұстанымдарына сай бір-біріне жәрдемдесетінінін атап өтті.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бір сағатқа жуық созылған кездесуде Қазақстан Президенті екіжақты сауда-саттықта айтарлықтай өсім барын атап өтті. Оның үстіне 21 миллиард АҚШ долларына 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр деді. Ал келесі жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны, осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Әрі Қытай төрағасын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Ал Си Цзиньпин өз сөзінде Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтып, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне басымдық берді. Келіссөзден соң тараптар бірқатар құжатқа қол қойды. Президент кортежі бір нысаннан екіншісіне ауысып, түрлі кездесулер өтіп жатыр. Мәселен, Қытай төрағасымен келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған бюстті ашу рәсіміне қатысты. Ұлы ойшылдың мұрасы білім ордасында жан-жақты зерттелетініне, сол арқылы мәдени байланыстар нығая түсетініне сенетінін айтты. Президент университетке Әбу Насыр әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті. Әрі өзі 40 жыл бұрын тағылымдамадан өткенде дәріс берген профессормен кездесті. Мемлекет басшысы әлі де бірқатар кездесулерге қатысады деп жоспарланған.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу