Маңғыстаудағы Сайөтес ауылында 60-қа жуық тұрғынның өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, олар апатты үйде тұрып жатыр. Бірақ, жергілікті билік қайғылы жағдайдың алдын алып, тұрғындарды көшіруге асығар емес. Аягөз Оралбайқызы ауылдықтардың мұңын тыңдап қайтты.
Жаңбыр жауса болды, Текебай Әбішевтің пәтерін су басады. Себебі, шатыры шұрық-тесік. Кешегі екі күн бойы жауған нөсер жауын қабырғаларын түгел шайып, астыңғы пәтерге дейін жеткен.
Текебай Әбішев, Сайөтес ауылының тұрғыны:
Қиын мына жерде тұру. Апатты үй дегесін-ақ аты нашар ғой адам тұруға. Кіріп-шыққан сайын зәрең кетіп отырады, шүберекке жанымызды түйіп. Балаларымыз үшін қорқамыз.
Сайөтес ауылдық округінде тозығы жеткен, қос қабатты 22 тұрғын үй бар. Баспаналар 60-шы жылдары теміржолшыларға арналып салынған. Кейін пәтерлер жекешелендіріліп, үйлерге күтім жасалмаған. Солардың ішінде ең қауіпті деген 3 тұрғын үйге жуырда демеушілік көмекпен сараптама жасалды. Нәтижесінде олар апатты деп танылды.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Апатты 3 үйде 11 отбасы тұрады. Шамамен 60 адам. Қабырғалары сөгіліп, төбесінің бетоны құлап қалған баспаналарда тұрғындар басын қатерге тігіп, амалсыздан тұрып жатқандарын айтады. Себебі, өз күштерімен көшіп кетуге жағдайлары жетпей отыр.
Қауіпті баспаналарда зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар мен көп балалы отбасылар тұрып жатыр. Олар өздерін эвакуациялауды сұрайды.
Тазагүл Мұханова, Сайөтес ауылының тұрғыны:
Қабырғаның бәрі сөгіліп жатыр. Арасынан саңылау шығып тұр, жел кіреді, су кіреді жаңбырда. Күнде құлап жатыр үйлеріміз. Сол үйдің астында қалып қоямыз ба деп қорқамыз, өмірімізге қауіп төніп тұр. Үй берсін, біздерді көшірсін.
Апатты үйлер бойынша ауылда комиссия құрылған. Әкімнің айтуынша, мұндағы халық көшірілуі тиіс. Бірақ, үй алу үшін тұрғындарға қолма-қол ақша беру заңда қарастырылмаған.
Сабыржан Әбдиев, Сайөтес ауылдық округінің әкімі:
Енді біз эвакуациялайтын болсақ, арнайы мектептің спорт залдарына немесе белгілі бір орындарға эвакуациялаймыз. Ал тұрғындар ол жерлерге бармайтыны белгілі. Қазір облыстық бюджеттен қаржы қаралып жатыр.
Ауыл әкімінің сөзінше, тұрғын үйлердің құрылысы келесі жылға жоспарланған. Ал тозығы жеткен басқа үйлерге сараптама жүргізілмейді. Тек шатырын жөндеп, қасбетін сылау үшін, бюджетке ұсыныс берілген.
Аягөз Оралбайқызы