Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Президент Қазақ-Қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жеткенін айтты. Әрі тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақты одан әрі нығайту үшін негіз қаланғанын алға тартты. Ал Ван Хунин екі ел байланысына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін Си Цзиньпин форум қатысушыларына «Егер Қытайда бәрі жақса болса, барлық мемлекет пен халықтар үшін де жайлы болады» деген сөз айтты. Мен бұл пікірмен келісемін. Сіздің еліңіз әлемдегі озық әрі жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына батыл қадам басып келеді.
Ван Хунин, Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі бүкілқытайлық комитетінің төрағасы:
«Бір белдеу, бір жол» аясындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылында барлық тараптың ортақ күш-жігерінің арқасында біз зор жетістіктерге қол жеткіздік. Сіз Си Цзиньпинмен ұдайы тығыз байланыста болып, көптеген кездесу өткіздіңіз. Қытай тарапы екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүзеге асыру жолындағы ынтымақтастықты бірлесе ілгерілетуге дайын.
Данияр Қайыртай