Өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш қойылды

19.10.2023

Астанада үш адамды құтқарамын деп ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш қойылды. Құтқарушының мүсіні елордадағы өзі қызмет еткен өрт сөндіру бекетінің алдына орналасқан.

Бейбіт күннің батырына арналған бюстті көруге келгендердің қарасы көп болды. Әріптестері алдымен Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алды. Гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті.

Бақытжан Тасқынбекұлы, А.Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

Асқар бөлім бастығы қызметі бойынша осы бөлімде бес жылдан аса қызмет атқарды. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп жатқандай бүгін 19 қазан құтқарушылар күніне орай осындай ескерткіш ашып жатырмыз. Асқар бауырымыз қайсарлығымен, тек қана қызметте емес, спорттық шараларда да атсалысты.

Ескерткіш-бюст Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі Асқар Забикулиннің есімімен аталатын өрт сөндіру бекетінің алдына қойылды. Қола мен граниттен жасалған мүсіннің жалпы биіктігі 3 метрден асады. Авторлары - белгілі сәулетші Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Мүсіншілер өнер туындысын жасауға бір жарым ай уақыт кетті дейді.

Айдос Бүркітбаев, мүсінші:

Осы жердегі достарымен, бірге жұмыс істеген қызметтестерімен ақылдастық. Жұмыс жасау барысында әйелімен ақылдастық. Өзі айтты түрі осындай, көзі осындай деп. Ақылдасып жасадық. Қазіргі батырлардың мүсінін жасау біз үшін үлкен мәртебе, біз әрине одан шабыт аламыз.

Айтулы шараға өрт сөндірушінің туыстары, жолдасы мен балалары да қатысты. Жақын күндері құтқарушының туған жеріндегі орта мектепке Асқар Забикулин аты берілмек. Ол туралы жиынға қатысып, інісі туралы естеліктерімен бөліскен Елдар Забикулин мәлімдеді.

Елдар Забикулин, А.Забикулиннің ағасы:

Көше аты берілді, кино да түсірілді. Степногорсктағы өрт сөндіру бөлімінде мурал салынды. Соның салтанатты ашылуына барып келдік. Қазгородок ауылында, мектеп қабырғасына да мурал салынды. Енді мектептің атын береді. Құжаттары дайындалуда.

Естеріңізге сала кетейік, Асқар Забикулин Астанада отқа оранған тұрғын үйден үш адамды құтқарып қалған. Өкінішке қарай, денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндірушіні дәрігерлер қанша тырысқанымен құтқарып қала алмады. Офицердің артында әйелі мен екі баласы қалды.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу