АҚШ-та дәріхана желілері банкротқа ұшырап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та дәріхана желілері банкротқа ұшырап жатыр

20.10.2023

Биыл АҚШ-та ірі компаниялардың банкротқа ұшырауы белең алып, үш жыл бұрынғы деңгейге жеткен. Жыл басынан бері жарты мыңнан аса кәсіпорын жабылса, өткен бір айдың өзінде 62 ірі бизнес жұмысын тоқтатқан. Кеше ғана елдің ең ірі дәріханалар желісі банкротқа өтініш берді. Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ-тағы ең ірі дәріханалар желісінің бірі «Rite Aid» банкротқа ұшырағанын мәлімдеді. Салдарынан, 2200-ден астам дүкеннің 500-і жабылмақ. Бұл ғана емес, «Walgreens» және «CVS» деп аталатын дәріханалар желісі де қиын қаржылық жағдайдаға тап болды. Ел бойынша «Walgreens»-тің фармацевтері мен техниктері ереуілдеп жатса, «CVS» дүкендерінің қызметкерлері жалақының аздығы мен жүктеменің көптігіне наразы.

Джефф Джонас, экономикалық сарапшы:

Кеше түнде «Rite Aid» банкроттығын жариялады. Бұл жағдайға көптен бері келе жатқан. Сақтандыру компанияларынан ғана емес, жалпы сатылымда табысы түсіп кетті. Дүкендер мен жалдау ақысының қымбаттауы, жұмысшылардың еңбекақысы және коммуналды төлемдер шығыны өсті. Сондықтан «Rite Aid»-тің табысы біраз жылдан бері төмендеп келген еді. Енді міне осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.

 Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Елдегі үш бірдей үлкен дәріхана желісі «Амазон» мен «Уолмарт» супермаркеттерінің бәсекесіне төтеп бере алмай жатыр. Кей жерлерде ұрлықтың жиілеп кетуі де дәріханалардың негізгі проблемасына айналды.Осылайша, АҚШ-тағы ең ірі «CVS» желісінің келер жылға қарай тағы 900 дүкені, ал «Walgreens»-тің 150 дүкені жұмысын тоқтатпақ. Елдің экономикасы баяулаған сайын бизнес нысандардың банкротқа ұшырауы мен жаппай жұмыстан шығару белең алып барады. Себебі, бұрынғыдай арзан несие жоқ, ал, үстемесі үлкен кредитті өтеу көп кәсіпкер үшін қиынға соғып тұр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу