Елімізде Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының консорциумы құрылды. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Консорциумды ерікті тең бірлестік ретінде құру - бізде бұрыннан бар білімді бірыңғай дерекқорға біріктіруге және жаңа тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясатты қарқынды жүргізуде нақты қадамдардың жасалуына оң ықпал ететініне сенімдімін.
Жаңа бірлестік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттеген тапсырмаларды орындау мақсатында құрылып отыр. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында президент мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыру үшін сапалы сараптамалық мәліметтер қажет деген болатын. Себебі, елімізде қазір демографиялық өсім жақсы. Мәселен, биылдың өзінде 142 мың түлек жоғары оқу орнынан түлеп ұшса, 350 мың бала бірінші сыныпқа қабылданды. Демек, болашақта оларды жұмыспен қамту мәселесі осы бастан сараланып, біржолға қойылғаны жөн.
Тамара Дүйсенова ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Бүгінгі таңның өзінде жалдамалы еңбек күшінде 58 пайыз азаматтар - жастар. Ал 2030 жылға қарай 80 пайызы мына 2000 жылдан кейін туылған балалар біздің еңбек нарығына келеді. Жастардың экономикаға келуі Қазақстан экономикасының, жалпы әлеуметінің әлеуетін көтеруге үлкен мүмкіндік береді деп отырмыз.
Қаракөз Кенжебаева