Ұлыбританияда темекі саудасына мүлде тыйым салынбақ. Сондықтан ел үкіметі темекіге қарсы күресті күшейтті. Шылым тек 18 жастан асқандарға ғана сатылады. Ал болашақта жас шектеуі жыл сайын ұлғая бермек. Сөйтіп, шылым шегуге біржола тыйым салуды жоспарлап отыр. Марина Бекенованың бейнематериалы.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияда темекіге құмар бес адамның төртеуі шылым шегуді 20 жасында бастаған. Және олардың никотинге тәуелділігі өмірінің соңына дейін жалғасады. Салдарынан елде жыл сайын шамамен 64 мың адам қайтыс болады. Темекі шегемін деп ауру тілеп алған 75 мыңдай азамат ай сайын дәрігерге қаралады.
Зиянды әдеттің ел экономикасына тигізер зардабы орасан. Жұмыссыздық, азаматтардың мезгілсіз қайтыс болуы түптеп келгенде. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің шығыны жыл сайын 17 млрд стерлинг фунттан асады.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:
Мен болашақта темекі шегу жасын жыл сайын бір жылға көтеруді ұсынамын. Бұл - бүгінгі 14 жастағы жасөспірімге болашақта ешқашан темекі сатылмайды деген сөз. Олардың ұрпақтары да шылым тартпай өседі.
Жаңа саясаттың нәтижесінде, жастар 2040 жылға қарай толығымен темекіден бас тартуы тиіс. Өскелең ұрпақтың зиянды әдеттен арылуын, ұлт саулығын көтеруге арналған бастаманы халық жаппай қолдап жатыр.
Блиц:
«Шылым шегудің ешқандай да пайдасы жоқ. Сондықтан мен тыйым салуды толығымен қолдаймын».
«Менің 14 жастағы ұлым бар. Оның темекі сатып алғанын қаламас едім».
Осыған ұқсас заң жобасын 1 жыл бұрын Жаңа Зеландия Парламенті де мақұлдады. Ол елде 2009 жылдан кейін туған азаматтарға темекі сатылмайды. Дания мемлекеті де осы бастаманы негізге ала отырып, ұлт сауылығына мән бермек.
Марина Бекенова