Қостанай облысында абаттандыру жұмысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында абаттандыру жұмысы аяқсыз қалды

23.10.2023

Қостанай облысындағы Арқалық қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмысы аяқсыз қалды. Жобаға сәйкес, жоғары оқу орнының алдындағы 10 мың шаршы метр алаңға тас төселуі тиіс еді. Жұмыс бірінші қыркүйекте толық аяқталуы керек болған. Бұл мақсатқа бюджеттен 122 миллион тенге бөлінген. Алайда атқарылуы тиіс жұмыс жартысына да жетпей тоқтап қалған. Түйткіл тапсырыс беруші мен мердігердің арасындағы келіспеушіліктен туындапты. Жергілікті әкімдік тас біркелкі тегіс төселмеген, орнықсыз, арасы ашық, кей тұстары жарылған дейді. Ескертуді де елемеді деп отыр. Мердігер бұл уәжге келіспейді.

Ерлан Ибраев, мердігер:

Шілде айында алғашқы атқарылған жұмыстың бөлігіне ақшасын төлеу туралы әкімдікке акт тапсырдым. Тамызда ғана төленеді деп ақша бермеді.Бірақ тамызда да ештеңе төленбеді. Сосын жұмысты тоқтатуға тура келді. Осы уақытқа дейін істеген жұмысыма бір тиын да алмадым. Материалға, жұмысшыларға ақшаны өз қалтамнан шығардым.

Абай Бірахметов, Арқалық қаласының тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Мемлекеттік сатып алу заңына байланысты 1-ші қыркүйектен бастап сотқа бердік. Оны жауапсыз мердігер ретінде танытуға. Қазіргі таңда сот отырысын күтіп отырмыз.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу