Қарағанды облысында 3 адам сібір жарасын жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 3 адам сібір жарасын жұқтырды

26.10.2023

Қарағанды облысының Топар кентінде сібір жарасын жұқтырған 3 адамның бірінің хәлі өте ауыр. Кейін түскен төртінші тұрғыннан жұқпалы инфекция табылмады. Дәрігерлер науқастарды аман алып қалу үшін жанталасып бағуда. Ал қауіпті індеттің таралуына жол берему үшін елді мекенде карантин жарияланды. Руслан Нұрланұлының материалы.

Ауылда қазір бақылау күшейтілген. Кентке кіретін екі жолдың бірі жабық. Ал негізгісіне санитарлық бекет қойылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу жоқ. Тек бекет басында тексеріледі.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қауіпті инфекция ошағы Топар кентіндегі мына үй. Жанұя ауру бұзауды сойып, етін тұтынған. Кейін өздерін жайсыз сезінген отбасының 4 мүшесі ауруханаға жеткізілді. Енді бір адам үйде карантинде.

Әжейден басқасының бәрі ауруханада ем алып жатыр. Тек кейуананың сынамасында індет белгілері болмапты.

Ал Сібір жарасы ауруханаға түскен науқастардың терісінде байқалған. Бәрінің де қызуы көтерілген. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция жұқтырғандардың дерті әзірге асқынып тұр. Бірінің жағдайы тіптен ауыр.

Ержан Жүнісов, Жұқпалы аурулар орталығының басшысы:

Науқастардың бірінің жағдайы өте ауыр, өкінішке қарай оң динамика байқалмайды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары протоколға сай ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы қалыпты.

Отбасымен байланыста болған тағы 30 адам анықталды. Олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қазір мамандар ауру ошақтарын түгел зарарсыздандырды. Ветеринарлар төрт түлікке түгел екпе салып жатыр. Қажетті вакциналар мен құралдар жеткізілген.

Азамат Өмірқұл, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы:

Мал ешқайда жайылмады, тек аулада тұрды дейді. Қазір ошағын табу үшін жұмыстарын атқарып жатырмыз. Мысалы, ауру малдан жұғуы мүмкін, әр түрлі фактілер болады, шөптен жұғуы мүмкін. Жеген кезде ауызда жара болса сол арқылы да жұғуы мүмкін малдарға. Жем шөптіде қараймыз , бәрінен проба алынып, қазір референттік орталықта тексерілуде. Ертең белгілі болады.

Мамандар ауру малдың етін тәркілеп, жағып жіберді. Әзірге ауылдан төрт түлікті шығаруға болмайды. Сондай-ақ, ет-сүт өнімдерін, жем-шөпті тасымалдауға да қатаң тыйым салынды.

Руслан Нұрланұлы

қарағандыоблысы

Хабарламаларға жазылу