АҚШ-тың отыз үш шататы Инстаграм мен Фейсбуктің иесі Мета компаниясын сотқа берді. Ұжымдық арыз жазған тарап аталған әлеуметтік желілер жасөспірімдерді өзіне еріксіз тәуелді етіп, психикасын құртып жатыр деп айыптады. Сот технологиялық алпауытты кінәлі деп тапса, миллиардтаған доллар айыппұл төлеуі мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Отыз үш штаттың бас прокурорлары ұжымдық талап арызын Калифорниядағы федералдық сотқа өткізген. Себебі, Метаның штаб пәтері осы өңірде орналасқан. Негізгі тағып отырған айыбы, компания әлеуметтік желілерінде әсіресе Инстаграмда әдейі балаларды өзіне тәуелді етіп қоятын тәсілдерді пайдаланып отыр. Meta жасөспірімдерді өзіне баурау, азғыру, ақырында тұзаққа түсіру үшін қуатты және теңдесі жоқ технологияны қолданды. Басты көздегендері – пайда табу делінген шағымда. Бұл балалар арасында депрессия, үрей, ұйқысыздық, білімге деген немқұрайлық, өз өзіне қол жұмсауға бейімділік секілді психологиялық салдарларға әкелген.
Мэтт Платкин, Нью-Джерси штатының бас прокуроры:
Мета компаниясы және оның бас директоры Марк Цукерберг – құйтырқы тәжірибесімен жастарымызға жылдар бойы келтірген зияны үшін жауап беруі тиіс. Шағымда көрсетілген ақпараттардың көбі құпия болғандықтан оны әзірге жария ете алмаймыз. Бірақ, ата-ана ретінде оқып отырып жағамды ұстадым. Жасөспірімдер өзіне қол жұмсау және зиян келтіру, тұқырту, қысым көрсету, бұзақылық пен мазақ ету мазмұнындағы зиянды контенттрден зардап шегіп жатыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Алайда, Мета өз платформаларының балалардың жүйке жүйесіне орасан зор зиянын біле тұра, жасырып келген. Тіпті, жұртшылықты жаңылыстыратын мәлімдемелер жасаған. Сондықтан талап арыз берушілер компания екі заңды өрескел бұлды деп санайды. Оның ішінде ата аналардың рұқсатынсыз он үш жасқа дейінгі балалардың мәліметтерін жинап, оларды жарнама берушілердің насанына айналдырған. Алпауыт компанияға қарсы шағым түсушілердің қатары отыз үш штатпен шектелмейтін секілді. Тағы сегіз өңір, оның ішінде ел астанасы Вашингтон да бар талап арыздарын өткізбек. Егер сот шағымдарды негізді деп тапса, Мета өтемақы ретінде қомақты қаржы төлеуі мүмкін. Десе де штаттардың сотқа жүгінуі қазірдің өзінде компанияның беделіне кері әсер етті. Қор нарығындағы құнды қағаздары бір күнде жарты пайызға арзандады.
Жалғас Сәдібекұлы