Елдегі реформалар жайлы шетелдік сарапшы мақала жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі реформалар жайлы шетелдік сарапшы мақала жариялады

27.10.2023

«Төрт жылдан кейін: Қазақстандағы реформалар туралы мәлімет». Осындай атаумен ISDP-дің, сондай-ақ, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры - Сванте Корнелл шетелдік баспаға мақала жариялады. Онда еліміздегі соңғы жылдардағы ең ірі оқиғаларға сараптама жасалған.

Автор соңғы төрт жылға шолу жасаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларды жүзеге асырып жатқаны кеңінен баяндалады. Бұл талдауда Қазақстанның институционалдық реформаны жалғастырғанын, оның ішінде билікті бөлу және сайлау жүйелері сияқты нәзік салаларда қарапайым, бірақ қазықты қадамдар жасалғаны айтылады. Президент Тоқаев өзінің алғашқы ірі реформалар пакетін 2019 жылдың соңында бастады, ал кейінгі жылдары бірнеше қосымша пакеттерге бастамашылық етті дейді автор. Сондай-ақ, президенттің халыққа жолдауы мен «Сот реформалары және биліктің бөлінуі» тақырыптарына оң баға берген.

«2022 жылғы маусымда өткен референдум нәтижесінде пайда болған ірі реформа Қазақстанда Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сотты қайта құру болды. Президент Тоқаев Конституциялық сот туралы заңға 2022 жылғы 5 қарашада қол қойды. Ол он бір судьядан тұрады, оның бесеуін Президент, соның ішінде Төраға, үшеуін Парламенттің екі палатасы тағайындайды».

Тағы бір талдауға арқау болған тақырып- Сайлау реформалары. Автор бұл бағытқа кеңінеғн тоқталып, шымыр шолу жүргізген. Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары үлкен өзгерістер болып жатыр. Ата заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум өтті. Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтары түгел жаңғырып келеді. Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болды. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқанды өткердік. Сванте Корнелл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және активтерді қайтару мәселесін бөлек бір тақырып ретінде шолып өткен. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасала бастады. Конституциялық Сот құрылды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Қазықты қағида қалыптасты. Бұл - «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағиғасының қалыптасқанын айқындайды дейді автор.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу