Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері де Мемлекеттік Туын төмен түсірді. Еліміздің Мәскеудегі елшігінде орналасқан көк байрағымыз жергілікті уақытпен 21:00-де түсірілді. Онда виртуалды көңіл айту кітабы ашылған. Ресейдегі Санкт-Петербург, Астрахань, Омбы, Қазан және Екатеринбург қалаларында орналасқан бас консулдықтарда да қандастарымыз, көрші елде уақытша тұрып жатқан азаматтар аза тұтып жатыр.
Асхат Оралбеков, студент:
Қарағанды қаласында болған апатты жағдай бүкіл Мәскеудегі қазақтардың, жастардың қабырғасын қайыстырды. Өте қаралы хабар естідік бүгін. Мұндай жағдай ешқашан қайталанбасын. Туымыз төмен түспесін. Өзімізді қоярға жер таппай отырмыз.
Никита Пташнюк, қала тұрғыны:
Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін қайғылы хабар болды. Біз қазақстандықтармен бірге екенімізді жеткізгім келеді. Қазақстан біздің көршіміз. Сондықтан жүрегіміз ауырады. Енді ешқашан Туларыңыз төмен түспесін.
Қаралы күнге байланысты Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерде Қазақстанның Мемлекеттік Туы төмен түсірілді. Қазақстан уақытымен сағат түнгі 00.00-де Анкарадағы Қазақстанның елшілігі алдындағы және Стамбул мен Анталия қалаларындағы консулдықтарда көк байрағымыз тұғырдан төмен түсті.
Ал, Астанадан 11 сағат айырмашылығы бар Вашингтонда Қазақстан елшілігі Туды күндізгі екіде түсірді. Азалы күнде америкалықтар да көңіл айтып жатыр. Олар үшін дипмиссия ғимаратында аза тұту кітабы қойылған.
Индира БЕГАЙДАР