Батыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері сұйытылған газ тапшы. Отын кей бекетте мүлдем жоқ болса, кейбірінде талонмен беріліп жатыр. Көліктер ұзын-сонар кезекте тұр. Жүргізушілер наразылық білдірді.
Қуаныш Бижанов, тұрғын:
Мен өзім таксидамын. Орал-Ақсай екі ортада жүрмін. Барып келуіме 43 литр газ кетеді. Сонымен отбасымызды асырап отырмыз. Газ жоқ. Үкімет бұған көңіл аударуы керек қой. Өзімізде газ бар. Бірақ таршылық көріп отырмыз. Бұған неге үкімет салдыр-салақ қарап отыр? Мен соны түсінбеймін.
Өңір газды Атыраудан алады. Көрші облыстағы мұнай өңдеу зауыты ай басталғалы жөндеуге жабылды. Ал Ақтөбеден тасымалдауда қиындық бар. Қазір жанармай құю стансаларында 400 тонна газ қалған. Бұл үш күндік қор. Өңір бір айда 4 мың тонна газ тұтынады.
Мирас Мүлкәй, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Ақтөбе облысынан теміржол көлігімен тасымалдайтын болғандықтан, қазан айында газды жеткізу қиындықтары болды. Біріншіден, Сол-Илецк стансасында тұрып қалып, соған екі-үш күн кешігіп, содан газ тапшылығы пайда болды. Қарашаның бірінен бастап Атырау мұнай өңдеу зауытынан аламыз.
Ардақ Мұратқызы