Еліміздегі ауыл шарашылығы техникасының 76 пайызы әбден тозған. Көнерген көлікпен әсіресе көктемгі егіс науқаны мен күзгі орақ кезінде жұмыс істеу - өнбейтін шаруа дейді жұмысшылар. Тап осы мезгілде техниканы жалға алу құны шарықтап шыға келеді. Шаруаларды титықтатқан мәселе қалай шешіледі? Эльмира Кәленова анықтады.
Егін науқаны кезінде ескі комбайндармен жұмыс істеу нағыз бейнет. Нағыз қарбалас шақта жұмысшылар бірінің бөлшегін екіншісіне салып әлек. Жарасбай Беспаев – тәжірибелі комбайыншы. Егін сапасы техникаға тәуелді екенін айтады. Алайда қолдан келер шара жоқ.
Жарасбай Беспаев, комбайншы:
Жүруінен сынуы көп. Ремонт та ремонт. Сайманын басқа комбайндарға салып жатырмыз. Көріп тұрсыздар ғой, ескі техника бәрі. Енді мына комбайндарды әкелдік, арендаға. Бұл мерзімі келген комбайндар ғой.
Қазақстанда 300 мың жер өңдейтін техника, 149 мың трактор, 38 мың комбайн бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жасаған талдауына сәйкес тракторлардың 80, комбайндардың 72 пайызының тозығы жеткен.
Эльмира Кәленова, тілші:
Шаруалардың айтуынша, жалға ескі техниканың өзін табу қиын. Мәселен, мына комбайн 2006 жылы шығарылған. Талап бойынша қызмет ету мерзімі 7 жыл. Жұмысшылар сынған техниканы күнде жөндеп әлек.
Шаруалардың айтуынша, егін орағы кезінде комбайндарды жалға алу құны жыл сайын шарықтап шыға келеді. Бахытбек Дүйсенов биыл 1200 гектар алқапқа тұқым сіңіріпті. Комбайнды жалға алғаны үшін 12 млн теңге төлеуі керек. Басқа шығындары да шаш етектен.
Бақытбек Дүйсенов, серіктестік директоры:
Жаңадан алу үшін, комбайнды көп қағаз жинау керек. Алғашқы жарнасын төлеу керек, кепілдік қою керек. Елу пайызға қымбаттады. Сол утильсбор қосты дейді. Барлығын санағанда шете елден келгенде қымбат болып қалады.
Қазақстанда соңғы 6 жылда техниканы жаңалау көрсеткіші өскені байқалады. 2017 жылы 103 млрд теңгеге 8500, ал былтыр 330 млрд теңгеге 17 300 ауыл шаруашылығы көлігі сатып алынған. Техниканың дені тозғандықтан бұл да жеткіліксіз.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
«Казагрофинанс» арқылы биыл 20 млрд теңге – 6 пайызбен 10 жылға беріліп жатыр. Жақында ғана үкіметтің шешімі бойынша тағы да 20 млрд теңге жеңілдетілген лизингке біздің шаруаларға бөлінді.
Алдағы 3 жыл сайын тағы да 30 млдр теңгеден қаражат бөлу жоспарланған. Алайда лизингтік бағдарламалар шағын серіктестіктер үшін қолжетімсіз, бөлінген қаржы тез таусылып қалады дейді шаруалар. Отандық зауыттар трактордың 10, комбайнның 5 түрін шығарады. Ал әзірге су жаңа техника қарапайым шаруа үшін арман болып тұр.
Эльмира Каленова