Ұлыбританияда баспанасыз жүргендердің саны 7 пайызға көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда баспанасыз жүргендердің саны 7 пайызға көбейді

30.10.2023

Англияда тұрғын үй дағдарысы. Елде үйсіз-күйсіз жүргендердің саны 7 пайызға көбейді. Өткен жылы баспанасыз қалғандардың саны 300 мыңға жеткен болатын. Олардың арасында балалары бар жүз мыңнан астам отбасы бар. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова толықтырады.

Бір Лондонның өзінде үйсіз қалғандарға қол ұшын созу үшін жарты миллиард стерлинг фунт керек. Оған бюджетте қаражат тапшы. Баспанасыздардың саны бойынша Манчестер тізім басында тұр. Қаланың әрбір сексенінші тұрғынының тұрақты мекенжайы жоқ.

Марк, Манчестер тұрғыны:

Түнде өте суық, далада ұйықтау қиын. Күн сайын таңертең денемді сәл жылыту үшін ерте тұрып, жаяу жүремін.

Азық-түлік, коммуналдық ақы қымбаттаған соң жеке сектордағы пәтер жалдау ақысы да күрт өсті. Тіпті, жұмыс істейтіндердің өздері баспана жалдай алмай қиналып жүр.

Николь Уильямс, Лондон тұрғыны:

Мен пәтерді бір тәулікке жалға алдым. Енді Лондонда заттарымды арқалап, осы түнде қайда қонатынымды білмей жүрмін.

Биліктегілер болса, уәдеден әрі аса алмай отыр. Өткен жылы жарияланған бағдарламасында консерваторлар үкіметі тұрғын үй дағдарысын еңсеру үшін бұл салаға алдағы үш жыл ішінде екі миллиард стерлинг фунтын құюға уәде еткен болатын.

Майкл Гоув, Ұлыбританияның тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық министрі:

Біз әрбір отбасын қауіпсіз және жайлы баспанамен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, жастардың үйлі болуларына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Консерваторлар миллиондаған жаңа тұрғын үй нысандарын салу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.

Қалалық кеңестердің басшылығы лейбористердің билікке келіп, жағдайды өзгерткендерін асыға күтіп жүр. Сарапшылардың болжауынша, келесі үкіметті оппозиция басқаруы әбден мүмкін. Өйткені билік партиясына халық сенуден қалды.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу