Түркия Республикасына – 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Республикасына – 100 жыл

30.10.2023

Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толды. 1923 жылы Осман империясы ыдыраған соң пайда болған Түркия бүгінде іргесі берік, экономикасы мығым ел. Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі. Бауырлас елдің 100 жылдағы жетістіктері мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Айдос Әшімұлы, тілші:

600 жыл салтанат құрған Осман империясының мұрагері Түркия бүгінде әлемдегі экономикасы қуатты алғашқы 20 елдің қатарына кіреді. Алайда бұл жетістікке ол оңай жеткен жоқ. 100 жыл ішінде бірнеше революция мен экономикалық дағдарыстарды басынан өткерді.

Түркия тарихында ақтаңдақтар аз емес. Қалыптасып, қауқарлы елге айналу үшін ірілі-ұсақты реформалар жасап, бірнеше әскери төңкерісті басынан өткерді. Осылайша соңғы 20 жылда Түркия өңірдегі ғана емес, әлемдегі ықпалды елдердің біріне айналды. Бұның себебі тиімді саяси-экономикалық қадамдарда, дейді мамандар.

Гирай Сайнұр Дерман, Мармара университетінің профессоры:

Өте маңызды экономикалық, әскери және саяси реформалар жасалды. Сондай-ақ, Түркия әрдайым бейбітшілік пен әділдік жолын ұстанып келеді. Бұл да еліміздің жан-жақты дамуына әрі өзге елдермен жақсы қарым-қатынас жасауына бастамашы болды. Әсіресе, түркітілдес елдермен, оның ішінде Қазақстанмен барлық салада ынтымағымыз берік.

Түркияның 100 жылда жүріп өткен жолын қарапайым халық әртүрлі қабылдайды. Бірі қателігіміз көп болды десе, енді бірі мақтан етеді.

Серпил, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Біздің 100 жылдағы жетістігіміз көп. Дегенмен ең үлкен қателігіміз – халқымыздың өзара тіл табыса алмауы дер едім. Саяси, діни, ұлттық көзқарастарымыз үшін бір-бірімізді дұрыс түсінбей жатамыз.

Мехмет, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Түркия соңғы жылдары әскери салада мықты реформалар жасады. Ел болып қалуымыздың ең үлкен себебі —әскеріміздің күшті болуы деп ойлаймын.

Қазір Түркия парламентінде жаңа конституциясының жобасы талқыланып жатыр. Ата заңды өзгерту арқылы Түрік елі дамудың жаңа жолына түсуді көздеп отыр.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

Бүгін 100 жасқа толып отырған Түркия тамырын терең жайған шынар ағашы сияқты. Өзінің жетістіктерімен кез-келгенді тамсандырады. Мың жылдық мемлекетіміздің дәнекеріндей болған республикамыз бұл жерде құрылған тұңғыш емес, соңғы мемлекетіміз. 100 жылдық мерейтойға орай демократияны дамыту жолында, азаттық пен адам құқықтарын жан-жақты қорғайтын жаңа ата заңымызды қабылдаймыз.

Бауырлас елмен Қазақстанның да байланысы жыл сайын тереңдеп келеді. Тәуелсіздігімізді тұңғыш таныған Түркия елімізге ең көп инвестиция салған сенімді стратегиялық әріптесіміздің бірі. Сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде одақтасымыз.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу