Елімізде шамадан тыс кредит алуға шектеу қойылуы мүмкін. Тиісті заң жобасы жыл соңына дейін Парламенттің қарауына жіберіледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді. Оның ішінде микроқаржы ұйымдарының, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың жұмысы қайта қаралмақ. Айя Мүтәлі толығырақ.
Елімізде 8,5 миллионға жуық адам қарызға белшеден батқан. Бұл халықтың 84 пайызы. Оның 1 млн 700 мыңнан астам кредитін төлей алмай жүр. Несие алушы студент жастардың да саны артқан.
Блиц:
Иә, бар ғой. Кімде жоқ қазір. Бәрінде бар ғой. Өмірге керек болған соң аламыз ғой. Мысалы, үй алуға, басқа да тірліктер. 4,5 млн-дай бар.
Иә, жауып тастаймыз тез-тез. Бірақ енді көп болса, болып қалады ғой. Уақытында жауып тастауға тырысамыз.
Төленіп жатыр ғой кредит. Ештеңе емес. Үй аламыз, ипотека аламыз. Көлік аламыз. Оның бәрін кредитке аламыз. Төлейміз
Халықтың шамадан тыс қарыздануы Үкіметті алаңдатып отыр. Бүгінде қазақстандықтардың жалпы берешегі 9 трлн 200 млрд теңгеден асқан. Орташа есеппен әр адам 1,5 млн теңге банкке қарыз. Үкімет шағын несие мен «жалақыға дейін» берілетін қарыз мөлшерін шектеуді көздеп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді.
Үкімет мүшелері жағдайды қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан деп отыр. Мәселені шешу үшін несиесін өтей алмай жүрген азаматтарға кеңес беретін «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырмақ. Жақында еліміздің барлық өңірінде арнайы кеңселер ашылады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары, қаржы министрі:
Жобалық офистердің негізгі міндеті мерзімі өткен кредиттерді реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.
Айя Мүтәлі, тілші:
Қаржылық сауаттылық курстары мектеп пен жоғарғы оқу орындарында да ұйымдастырылады. Осылайша, 750 мың оқушы мен студенттке ақшаны тиімді жұмсаудың жолын үйретпек. Бұдан бөлек, несие қарызы тағы кешіріле ме деген көптің сауалына да жауап берілді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова банкроттықтан бөлек, несие кешіру науқаны болмайды деп кесіп айтты.
Айя Мүтәлі