Өңірлерді дамытуға 7 трлн теңге қаражат қарастырылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерді дамытуға 7 трлн теңге қаражат қарастырылып отыр

01.11.2023

7 трлн теңге. Өңірлерді дамытуға осынша қаражат қарастырылып отыр. Яғни, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің 30 пайызы өңірлерді дамытуға бағытталмақ. Бүгін Мәжілісте республикалық бюджет жобасы талқыланды. Алдағы жоспар қандай? Самал Қабышева толығырақ.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы 1 минут үнсіздікпен басталды. Премьер-Министрден бастап, министр мен депутаттар Костенко шахтасында қайтыс болғандарды еске алды. Ал алдағы бюджет жоспары ауқымды. Мәселен, зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге бөлу көзделген. Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылға 93,3 млрд теңге қарастырылып отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Аmanat» партиясының төрағасы:

Денсаулық сақтау саласына да басымдық беріледі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге бағытталады. Ұлттық жобаға сәйкес, 655 денсаулық сақтау нысанын салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғынын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 1,7 трлн теңге бағытталамақ. Оған сәйкес 369 мектеп салу жоспарлануда.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі:

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжануда. Экономиканың нақты секторын дамытуға 2,8 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған. Депутаттар республикалық бюджет туралы заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.

Самал Қабышева, тілші:

Сондай-ақ, Ұлттық қордан республикалық бюджетке қаражат алу біртіндеп азаятын болады. Бұл жөнінде Үкімет Басшысы Әлихан Смайлов мәлімдеді. Себебі, келер жылдан бастап елімізде 18 жасқа толмаған 7 млн-ға жуық баланың жеке есеп шотына дәл осы ұлттық қордың инвестициалық табысының 50 пайызы оларға теңдей етіп аударылатын болады. Сондықтан, қордағы қаражат ұлт болашағына тиімді жұмсалуы тиіс.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу