Қостанай облысындағы Федоров кентінің шеткі көшелерінің тұрғындары 5 жылдан бері елдімекенге қатынау қияметке айналғанын айтады. Газ бен су құбырын тартқандар асфальтты талқандап, жолды бүлдіріп кеткен. Жаңбыр жауса көше көлшікке айналады.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл әлемдік поэзияға керемет лирикалық өлеңдер сыйлаған Александр Пушкин атындағы көше. Алайда көрінісі Пушкин өлеңдеріндегі лирикамен мүлде үйлеспейді. Жолы ойқы-шойқы, ми батпақ, жағалай қамыс басқан. Тұрғындардың айтуынша көктемде қар еріп, жаңбыр жауғанда бұл жермен жүру мүлде мүмкін емес.
Көшенің көркі қашқан бұл бөлігінде 20 шақты үй бар. Тұрғындардың дені зейнет жасындағы егде кісілер. Жаңбыр жауса, бірнеше күнге дейін жер құрғамайды. Жүру тұрудың қиындығы әбден титықтатты дейді олар.
Наталья Попович, Федоров кентінің тұрғыны:
Балалардың мектепке баруы қиын. Дүкенге шығу да біз үшін азап. Жаздай аяғымыздан резеңке етік түскен жоқ.
Лидия Шаймарданова, Федоров кентінің тұрғыны:
Не жедел жәрдем, не такси келмейді. Себебі бұл жерге келсе қайта шыға алмай батып қалуы мүмкін. Ауламыздың алдына өз қаржымызға қиыршық тас төсеп алдық. Көшеде жарық та жоқ. Түнде тас қараңғы.
Тұрғындар көшеге тым құрыса биіктетіп топырақ үйіп, қиыршық тас төсеп беруін сұрап әкімдікке бірнеше рет бардық дейді. Алайда нәтиже жоқ.
Александр Попович, Федоров кентінің тұрғыны:
Жыл сайын алдағы жылы істейміз деп уәде береді. Сөйтіп бес жыл өтті. Ештеңе де істелген жоқ.
Ал ауыл әкімі маған ресми түрде ешкім хат жазбады, көшедегі жолдың сапасыздығын айтып шағымданбады деп отыр. Әйтсе де алдағы жылы дәл осы Пушкин көшесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарда тұрғанын айтты.
Виталий Воробкало, Федоров кентінің әкімі:
Пушкин көшесінің жалпы ұзындығы 2.8 шақырым. Алдағы жылы оған орташа жөндеу жүргізуге жоба дайындап, бюджеттік өтінім беріп қойдық.
Аудан орталығы Федоров кентіндегі көшелердің жалпы ұзындығы 78 шақырым. Соңғы төрт жылда соның 30 шақырымы жөнделіпті. Ал 20 шақырым көшенің жолы ештеңе төселмеген әшейін қара жер. Яғни сапасыз. Әкім алдағы жылы барлығы 10 шақырым жолды асфальттап, қиыршық тас төсеп ретке келтіреміз деп отыр.
Дәуренбек Әбдібек