Елімізде “Аңсаған сәби” бағдарламасының арқасында 6 мыңға жуық отбасы балалы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясындағы квота саны 7 есе ұлғайған. Бүгінде 15 мыңға жуық қазақстандық ерлі-зайыпты бедеулік бойынша есепте тұр.
Шарапаты мол шараның нәтижесі туралы тілшіміз тарқатады.
Айымгүл 34 жасына дейін нәрестелі болуды аңсаған. 7 жылдай дәрігерлерге қаралып, емшілерге де барған. Алайда нәтиже болмаған. Кейін таныстарынан «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы естіп, тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханасы арқылы квотаға қол жеткізеді.
Айымгүл Қожақова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Көп күткен жоқпыз. Документтерді тапсырдым. Анализдер бәрін 1-2 айдың ішінде тапсырып, Ана мен бала орталығында ЭКО жасаттық. Қазір қыздарымызға қарап, қуаныштымыз. Ана болған әрине ерекше сезім.
Ал Дихановтар отбасы «Аңсаған сәби» жобасының арқасында жақында ғана ұлды болды. Оған дейін де Назгүл алғашқы сәбиін экстракорпоралды ұрықтандырудың көмегімен көтерген. Бірақ ол кезде ақшасын өздері төлеген.
Назгүл Диханова, Ақтау қаласының тұрғыны:
Жобамен млн теңгедей шықты. Аллаға шүкір қызымыз бар. Былтыр квота беріліп, балама қазір 1 ай болды. Ұлды болдық. Екі сәбиіміз бар. Осы ЭКО арқылы ана бақытын сезіндік.
2021-2023 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында республика бойынша 20 мыңнан аса пациентке экстракорпоралды ұрықтандыру жасалды. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілік бойынша есепке тұрса, 6 мыңнан аса бала дүниеге келді.
Шакизат Халықова,ҚР ДСМ Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы:
Бұл әрине өте жоғары көрсеткіш. Бұл көрсеткіш Еуропаның ең алдыңғы медициналық орталықтарының көрсеткішіне сай келеді. Бұл біздің еліміздегі репродуктолог мамандар мен эмбриолог мамандардың, сонымен қатар ЭКО орталықтардың қызметінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырыла бастағалы квота алуға байланысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, анағұрлым жеңілдеді. Ең негізгі көрсеткіш – гормоналды және хирургиялық түзетуге келмейтін бедеулік. Сондай-ақ, әйелдің репродуктивтік мүмкіндігіне назар аударылады.
Гүлмира Рәпілбекова, акушер-гинеколог:
Әйелдерді екі фактор бойынша жіті тексереміз. Біріншіден, аналық ұрық қоры қанағаттанарлық болуға тиіс. Ал екіншісі – аналық жыныс безі фолликулалары әрбір аналық безде кемі үшеу-төртеу болуы керек.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында экстракорпоралды ұрықтандыру әдісін жылына бір рет тегін жасатуға болады. Және оған репродуктивті жасы 18-ден 42 жасқа дейінгі қазақстандық отбасылар қатыса алады.
Қаракөз Тұрмағанбет