Шекарашы Тұрғанбек Стамбековтің есімі ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекарашы Тұрғанбек Стамбековтің есімі ұлықталды

04.11.2023

Алматы облысына қарасты Панфилов аулындағы көшелердің біріне, Ұлттық қауіпсіздік комитиетінің Шекара ведомствосын басқарған, өмірінің 30 жылға жуығын әскери салаға арнаған – Тұрғанбек Стамбековтің есімі берілді. Сондай-ақ елдімекенде аллея ашылды. Аллеяға шырша ағаштары отырғызылып, мемориалдық тақта орнатылды. Тұрғанбек Стамбеков 2012 жылы 25 желтоқсанда 27 шекарашымен бірге «Астана-Шымкент» бағытында ұшқан әскери ұшақта апатқа ұшырап, қаза болған еді. Көзінің тірісінде мінсіз қызметі үшін I және II дәрежелі «Айбын» ордендерімен мараптталып, «Құрметті шекарашы» атағына ие болған. Марқұмның туған-туыстары қаза болған соң да жауынгерге осындай құрмет көрсетіліп жатқанына ризашылығын білдірді.

Мәриям Стамбекова, Тұрғанбек Стамбековтің әпкесі:

Толқып тұрмын. Өйткені өлгеніміз қайтып келгендей сезімдеміз. Жоғымыз қайта жаңғырғандай болып отыр. Сол Тұрғанбегіміздің өзі жоқ болса да аты аталып жүргеніне қуаныштымыз.

Тоқтасын Бұзыбаев, ҰҚК шекара қызметінің генерал-майоры:

Полковник Стамбеков әскери салада өз ізін қалдырды. Жас сарбаздар оның еңбек жолына қарап бой түзейді. Шекара ведомствосын қысқа уақыт басқарса да, адал, нәтижелі жұмысымен көзге түсе білді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу