Қазақстандағы медицина мәселелері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы медицина мәселелері

05.11.2023

«1 миллион 800 мың долларды қайда жаратасыздар?» Осы аптада сенаторлар Денсаулық сақтау министрлігінен көмек ретінде келетін қаражаттың есебін сұрады. Оны беруші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі көмектің ақшалай емес, консультативтік жәрдем түрінде берілетінін мәлімдеді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
Бұл бөлінген ақша ең бірінші қайда жұмсалады? Біріншіден Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін нығайтуына. Әсіресе созылмалы инфекциялық емес аурулармен күресуге. Онкологиялық, жүрек қан-тамырлары ауруларымен. Спид, туберкулез және басқа да түрлі сырқаттармен күресуге жөнелтетін ақша.
Сондай-ақ: «Келісім-шарт негізінде қазақстандық дәрігерлер мен мейірбекелер оқытылады» дейді Денсаулық сақтау министрлігі. Жалпы 2020-2022 жылдар аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға 14 миллион доллар қаражат күйінде қосымша көмек берген. Ол ПТР тестілеу мен дәрігерлерге қорғаныш құралдарын алуға жұмсалыпты.

Сырттан келген қаржының қайда жаратылғанын білдік. Ал Қазақстан өз медицинасын қалай қаржыландырады? 2023 жылдың бастапқы 6 айында денсаулық сақтау саласына 113 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған.

Яғни нысандар құрылысына, күрделі жөндеуге, медициналық жабдықтарға бөлінген қаражат. Ең қомақты сома жаратқан Астана қаласы. 43 миллиард теңге. Одан кейін Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары тұр.

Елдос Өмірсадық, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат департаментінің басқарма басшысы:
Соңғы 5 жылды айтатын болсақ 400-ге медицина нысаны қолданысқа берілді. Соңғы 2 жылды алатын болсақ 2022 жылы 109 нысан болды қолданысқа енген. Жоспар бойынша 2023 жылы 100-ге жуық нысан беру жоспарланып отыр.
Бір қарағанда ақша да, көңіл де бөлініп жатқандай.. Бірақ жеткілікті дәрежеде ме? Бұлай деуімізге Қазақстандағы медицина нысандары мен аппараттардың жағдайы себеп.

Статистика мынадай: медицина нысандардың 40 пайызы әбден тозған. Күрделі жөндеуге зәру. Тіпті оларды бұзып тастап жаңасын салған тиімдірек дейді. 20 пайызы заманауи стандарттарға сай емес.Аппараттардың жағдайы, тіпті, мүшкіл. Медициналық жабдықтардың 50, лабораториялық жабдықтардың 83 пайызы ескірген.

Сонда бөлінген қаражат жетер жеріне жетпеді ме, әлде жеткіліксіз бе? Қазақстан медицинасында тағы қандай проблема бар? Министрлік қалай шешуді жоспарлап отыр? Экс денсаулық сақтау министрлері не дейді? Елдос Есенболдың бейнематериалы.

Жыртылған төсек, қираған кереует, үгітілген қабырға... Бұл мұнайлы өлке Жаңаөзендегі балалар ауруханасы.

Марат Беделханов, Жаңаөзен қалалық Көпбейінді ауруханасы директорының м.а.:
Инфекциялық бөлімше 1986 жылы пайдалануға берілген. 2003 жылы соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы күрделі жөндеу жүргізуге жоспарда тұр.
Қазақстандағы денсаулық сақтау нысандарының 20 пайызы 1964 жылға дейін салынған екен. Демек осыншасының, бейнелеп айтқанда, жасы ең кемі алпыста. Тек 33 пайызы ғана 1985 жылдан бері қарай тұрғызылған. Арасында «ғасыр жасаған» ғимараттар да бар...

Юрий Белоног, СҚО Жедел медициналық көмек орталығының директоры:
Біздің ғимарат 1905 жылы салынған. Ешқандай санитарлық және құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Демалу орындары, дәрі-дәрмектер, оқу орындары жетіспейді.

Бұл - Петропавл қаласындағы жедел жәрдем орталығы. Облыстық деген аты дардай болғанымен заты әбден тозған. Сөйте тұра мұндағылар тәулігіне 500-ден астам қоңырау қабылдап, адам жанына араша болады. Осындай аядай бөлмеде дәрі-дәрмекті де, керек-жарақты да сақтауға мәжбүр. 30 көліктің 12-сі ғана гаражда тұрады.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Ол қаражаттың тапшылығы. Сырт көзге көрінеді: «Мінекей осындай қаражат жұмсалып жатыр, осындай бағдарлама жасалып жатыр... » Мынау дамыған елдерде ішкі өнімнен ең кем дегенде 6 пайыз денсаулық сақтау салаға жұмсалынады. Бізде үш жарым, үш те жеті... Көрдіңіз бе? Екі есе аз.
Экс-денсаулық сақтау министрі, профессор Жақсылық Досқалиев : «Ғимаратты салып қоюмен ғана жұмыс шектелмеуі керек» дейді.

Елдос Есенбол, тілші:
2020 жылы коронавирус өршіген тұста дәл осы 6 блоктан тұратын орталықты 12 күнде салып шыққан. Бас-аяғы екі аптаға жетер-жетпес уақытта тұрғызылған орталықтың жағдайы қалай, әрі мұнда кімдер ем алып жатыр екен деген сұрақпен біз де келгенбіз. Бірақ төңіректен тіршілік белгісі білінбейді. Есіктері де тарс жабық.

Елжан Біртанов, «Qazmed» медицина қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрағасының кеңесшісі:
Жобалайтын арнайы компаниялар жоқ. Тендер өткізеді. Семейдегі белгілі ядролық орталықты алсақ 11 жыл соғылды ғой. Себебі оны сол өңірдегі гидроэлектр станция соғатын компания тендер ұтып алып соны бастап бітіре алмай ары қарай тастап кеткен.
Ал, медицина аппараттарының ғұмырын күрделі жөндеумен ұзарту мүмкін емес. Ем-домға қажет техника көп дегенде 10 жылға жарамды.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Біздің Қазақстанда небәрі 2-ақ ПЭТ позиционный-эмисонный томография деген екі-ақ аппарат 20 миллион адамға. Ол рак ауруымен ауырған адамның метаздаздары бар ма, жоқ па? Соны зерттелетін нәрсе. Оңтүстік Кореяда Сеулдың медицина университетінің клиникасы бар. Сонда үшеуі тұр.
Елжан Біртанов, «Qazmed» медицина қызметкерлерінің кәсіптік одағы төрағасының кеңесшісі:
Мысалы, жаңа компьютерлік томограф пайдалану қажет. Бұрын 60 срезь болды одан кейін 120 срез.. Қазір 500-ден астам срездер болады. Өте жақсы картинка болады. Әрине енді дәрігелер медиктер соған тырысады. Сонда моральдық тозу деген болады. Моральдық тозу одан да тез.
Әрі олардың бағасы да арзан емес.

Мейіржан Рүстемов, ҚР ДСМ Медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету басқармасының басшысы:
Мысалы, МРТ аппараттары 80 миллионнан жоғары тұрады. КТ аппараттары да 60 миллионнан жоғары тұрады. Рентген аппараттары 30 миллионнан жоғары тұрады.
Ғимаратты бүтіндеп, аппаратты түгендегеннің өзінде оны қолдана алатын дәрігер жете ме? Денсаулық сақтау саласында 13 мыңдай маман тапшы. Оның ішінде 600-дей терапевт, 250-ден астам педиатр т.б. дәрігер қажет.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Бакалавариат 7 жыл оқиды. Қараңыз 7 мың түлек бар, резидентура тек қана 2 мың адамға бөлінген. Қалған 4 жарымы далада жүр деген сөз. Бакалавариатқа грант бөлінді ме, резидентураға шейін 7 жыл емес, 10 жылға дейін қаражаты бөлініп тұруы керек. Стипендиясымен бәрімен. Онсыз болмайды.
Әсет Қалиев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры:
Қосымша әрбір әкімшілік өздерінің қажеттілігіне байланысты аудандағы сұраныстарға байланысты гранттар бөледі. Мысалы, Атырау облысы биыл 35 грант бөлді резидентура оқуға.
Қазақстандағы медицина мамандарын дайындайтын ірі оқу орны Марат Оспанов атындағы медицина университеті. 8 факультетте 49 мамандық бойынша дәрігер дайындайды мұнда. Оқу ордасы басшысының сөзінше әсіресе ауылға маман тарту үшін әлеуметтік жағдайын жасау керек.

Әсет Қалиев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры:
Мысалға Атырау облысы 5 миллионға дейін көтерме ақша береді. Ауылға барып жасасаң қосымша үй береді, тағы да басқа қолдаулар жасайды.
Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселенің барлығын 2030 жылға дейін шешуге ниетті. Ол үшін арнайы әзірленген жоспарды ашық талқылауға шығарған. Құжатта медициналық техниканың тозуын 20 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отыр. Ал, ғимараттар мәселесін шешу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен бөлек инвестор қаражатын да тарту көзделген. Бірақ ақшасын 10-15 жылда ғана қайтаратын медицина саласы қалталы азаматтарды аса қызықтыра қоймайды...

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу