Әлемнің көптеген елінде Газа секторындағы қантөгісті тоқтатуды талап еткен шерулер өтіп жатыр. Палестиналықтарға қолдау білдіру үшін көшелерге ондаған мың адам шыққан.
Әлемде Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың өліміне қарсы наразылық күшейіп жатыр. Франция астанасында өткен шеруге жиырма мың адам қатысты. Дегенмен өзге бір мәліметтерге қарағанда, наразылық акциясына шыққандардың саны 60 мыңға жеткен. Францияда қарашаның 9-да Газа секторының бейбіт тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізуге арналған халықаралық конференция өтеді.
Антуан Геррейро, Париж тұрғыны:
Біз Палестина халқымен бірге екенімізді көрсету үшін көшеге шықтық. Бейбітшілікті, екі мемлекет шешімін, Израиль мен болашақ Палестина мемлекетінің бірге өмір сүруін қолдаймыз. Әлем елдерінде Газадағы қантөгісті, атысты дереу тоқтатуды қолдау күшейіп келеді.
АҚШ астанасы Вашингтонда шеруге шыққандар Ақ Үйдің жанына жиналды. Қолдарына Палестина туын ұстаған демонстранттар «қырғынды тоқтатыңдар» деп ұрандатты.
Махмуд Абунассер, шеруге қатысушы:
Қантөгіс тез тоқтасын. Жазықсыз бейбіт тұрғындар минут сайын өліп жатыр. Зымыран түскен жерде тұрғаны үшін ғана.
Индонезия астанасында мыңдаған адам Палестинаға қолдау білдіру үшін шеруге шықты. Олар Джакартадағы Ұлттық монумент жанына жиналған. Израильге қарсы ұрандар тасталып, Палестинаны қолдайтын әндер айтылды.
Ал соңғы мәліметтерге сай, Израиль әскері Газа қаласын толық қоршауға алды. Олар секторды екіге бөлгенін мәлімдеді. Әзірге Израиль қарулы күштерінің Газаға қашан кіретіні белгісіз. Болжамдарға қарағанда, бұл операция алдағы 48 сағатта басталуы мүмкін. Ал Израильдің авиациялық соққыларынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 9700-ге жетті. Сол құрбандардың 4 мыңнан астамы – бала. Ал Израильде қазанның 7-де хамастықтардың шабуылынан 1400 адамды мерт болды. Қантөгісті тоқтатуға бағытталған дипломатиялық қадамдар әзірге нәтиже берген жоқ.
Арай Төлегенқызы