Ақтауда «Отбасы банк» пен аймақ әкімдігі «Маңғыстау жастары» атты бағдарламаны іске қосу туралы келісімге қол қойды. Оған дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет пен спорт мамандары, журналистер, ғылыми қызметкерлер мен коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары қатыса алады. Сондай-ақ, азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне де мүмкіндік бар. Шарт бойынша үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Бағдарламаға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қарастырылған.
Бағдарлама «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Шарты бойынша алғашқы жарна 10 пайыз. Ал жылдық пайыздық мөлшерлеме -5 пайыз. Бағдарламаға қатысушыға берілетін несиенің ең жоғарғы сомасы Ақтау қаласында тұрғын үй сатып алуға 15 млн теңге, облыстың басқа қалалары мен аудандарында баспана алуға 10 млн теңге беріледі.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары:
Баспана, әсіресе, жастар үшін өте маңызды. Отбасын құруға ықпал етеді. Ажырасу көрсеткіші төмендейді. Пәтер сатып алу - бұл ең маңызды қадам. Сондықтан аталған бағдарламаға сұраныс көп болады деп есептеймін. Өтінімдерді қабылдау ашық түрде жүргізіледі.
«Маңғыстау жастары» бағдарламасы бойынша үміткерлер тізімін жергілікті әкімдік қалыптастырып, жиналған ұпайлар санына қарай қатысушыларды таңдайды. Ұпайларға некеде тұрған жылдар саны, балаларының болуы, мамандағы бойынша үздіксіз жұмыс өтілі әсер ететін болады. Қатысушылар пулы жасақталғаннан кейін олардың барлығы төлем қабілеттілігін растау үшін Отбасы банкіне жолдама алады.
Мұқаш Оралбай, Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:
Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың осы күнге дейінгі кемшіліктері мен артықшылықтарын сараладық. Сәйкесінше, өңір жастарының сұранысына қарай осындай жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын жасауға тырыстық.
Өтінімдер 15 қарашадан бастап «Маңғыстау жастары» ресми сайтында қабылданады. Айта кететін жайт, қазір «Отбасы банкте» қаражат жинайтын жастар көбейген. Мұнда 18 бен 35 жас аралығындағы 1 млн адамның депозиті бар.
Аягөз Оралбайқызы