Шымкентте оқулық үшін екі жылдан бері соттасып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте оқулық үшін екі жылдан бері соттасып жүр

07.11.2023

Шымкентте көрші тұрған екі мектеп оқулық үшін екі жылдан бері соттасып келеді. Бірі кітапты бергенін дәлелдей алмай, екіншісі алғанын мойындамай жүр. Ал екі ортада оқулықсыз қалған шәкірттердің сабақ үлгерімі нашарлап барады.

 №80 мектепте 7 мен 11-ші сынып аралағындағы оқушылардың барлығына оқулық жетіспейді. Шамасы келген ата-ана, керек кітапты өз қаржысына сатып әперген. Шамасы жетпегенінің баласы электронды нұсқаулықтарды пайдаланып жүр.

 Жанна Қайратқызы, ата-ана:

 Қолымызға 80 пайыз ғана кітап алдық. 20 пайызы жоқ. Осының салдарынан қызымыздың оқуға ынтасы төмендеп жатыр. Электронды оқулықтар өте тиімсіз. Баланың көру қабілеті, оның үстіне баланың ынтасы барлығы телефонға ауысып кетеді.

Оқулық әсіресе 7 сыныпқа жетпейді. Өйткені мұнда бала саны өзгелерден әлдеқайда көп.

Оқу бағдарламасы бойынша 7 сыныптың әр оқушысына 16-17 пән оқулығы берілуі керек. Қазір олардың қолында соның жартысы ғана бар. Тығырықтан шығу үшін мектеп басшылығы амал жоқ қаладағы өзге білім ұяларының артылған кітаптарын сұрап алуға мәжбүр.

 Мектепте оқушы саны көбейіп кеткен соң осыдан үш жыл бұрын лицей мәртебесіндегі білім ұясының 1 мың 100-ден астам оқушысы іргелес жекеменшік мектепке ауысқан. Барлығы 45 сынып. Олар жаңа оқу ордасында кітап жетпегендіктен оны өздерімен бірге ала кеткен.

  Майя Жанұзақова, №80 мектеп лицейдің кітапхана меңгерушісі:

 13 мың 100-ден аса кітап кеткен. Осы кітап бізге қайтарылмай отыр. Сотқа да бердік. Соттасып жатырмыз. Барлық жерде «кітапты беріп қойғанбыз», «көрген жоқпыз» деген жауап айтады.

 Дауға түскен жалпы кітаптың бағасы 20 миллион теңгеге жуықтайды. Былтыр лицей мектебі арнайы комиссия жасақтап, өздері тексеру жасаған.

Әлия Сәрсенбаева, «Әл-Фараби» жекеменшік мектебінің директоры:

 Ол жерде 7-8 кітап шыққан еді 80-ші мектептің. Оны акт түзіп, қайтарып бердік. Биылғы оқу жылында Антикордың жігіттері қыркүйек айында тексерді. Ешқандай кітап табылмады.

 Оқулық дауының соңына әзірге сот та нүкте қоя алатын емес. Бұған дейін екі сот отырысы лицей мектебінің арызын қанағаттандырған. Алайда оған қарсы жақ қайта шағымданды. Ұстаздар осылайша тартысып жүргенде оқушылар екінші оқу жылын да оқулықсыз бастап кетті.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу