Қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталды

07.11.2023

Елімізде қызылша дерті ушығып тұр. Жыл басынан бері 12 мыңнан аса адам жұқтырған, оның 10 мыңнан астамы бала. Дені вакцина алмағандар. Осыған алаңдаған дәрігерлер барлық өңірде індетке қарсы вакцина салу бастап кетті. Вирустың тез таралып жатқанына ата-аналар да алаңдаулы. Вакцина іздеп балаларын емханаға әкеле бастапты. Дәрі жеткілікті ме? Кімдер тегін салдыра алады? Әйгерім Ердәулет тарқатады.

Тоғыз айдан бері жалғасып келе жатқан тұрақсыз эпид ахуалды реттеудің жалғыз жолы-вакцинация. Осылай деген мамандар, енді бір мезетте қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6 және 11 айлық сәбилерге, ал желтоқсаннан бастап 2 және 4 жастағы балаларды қосымша жаппай иммундау жүргізілуді бастады. Бұған дейін тегін екпе сәбилерге тек 1 жасында салынса, ревакцинациядан 6 жасында өтетін. Дерттің дендегеніне алаңдаған ата-аналардың қазір емханаға келуі жиілеген.

Алтынай Дәулеткелді, ата – ана:

Өзімнің кішкентайыма әр ай сайынғы күнтізбелік жоспарланған барлық екпелерін алып келе жатырмын. Өйткені ол көптеген жұқпалы аурулардың алдын алады.

Салтанат Қалыбекова, ата – ана:

Балаларымыз бақшаға барады, мектепке барады, біз сол үшін қорқамыз. Екпе алған дұрыс деп ойлаймын. Өршіп жатыр дейді, мен қорқамын, қорыққаннан кейін аламын.

Қызылшаны жұқтырғандардың дені екпе алмағандар. Мәселен, жыл басынан бері 12 мың 671 адам қызылшамен ауырса, оның 10 мыңнан астамы бала. Олардың 70 пайызына вакцина салынбаған. Дәрігерлер, науқаспен контактіде болған ересек адамдарға да тегін екпе салынады дейді.

Есенхан Сұлтан, №14 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:

Ол кісілер өздігімен емханаға келмейді, бірінші жағдай. Не себепті? Өйткені, ауырып жатқан баланың үйіне барып, ол ауру табылған ошақтан дәрігерлер консультация алады, анамнездерін жинайды, кім қай жерде жұмыс істейді, кім қашан соңғы рет вакцина алды сол анамнездеріне қарай дәрігерлер тағайындайды.

Яғни, науқаспен контактіде болған адамдар бұған дейін екпе алмаса, тегін вакцина салдыра алады. Бұл жолы жасы 55-ке дейінгі медицина қызметкерлеріне де екпе салынбақ.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының филиал директоры:

Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу науқанында 1,5 миллионға жуық азамат қамтылады. Сол 1,5 миллионға жуық қамтылатын азаматтарға қосымша вакцина әкелінеді. Бүгінгі күні 550 мыңнан артық мемлекетімізге келіп жатса, қосымша 1 миллион доза жыл соңына дейін келіп жетеді.

Дәрігерлер, егер екпе алмаған адам қызылша жұқтырса 21 күннің ішінде алғашқы белгілері байқалатынын айтады. Ал созылмалы ауруы барларда бұл індет өте ауыр өтеді, тіпті кей жағдайда өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу