Интернет алаяқтар жыл басынан бері ақмолалықтардың 85 миллион теңгесін жымқырып, сегіз жүзден астам адамды сан соқтырған. Бұл ресми тіркелгені ғана. Шын мәнінде, әккі қулардың арбауына түскендердің саны одан да көп. Өңірде қылмысты ашу көрсеткіші де төмен. Мәселен, жыл басынан бері қозғалған істің небәрі 8 пайызы ғана ашылған. Интернет алаяқтарды құрықтау неге қиын? Олардан қалай сақтану керек? Ұмсындық Наурызбаева анықтады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалу оңай. Бірі банк менеджерімін деп хабарласса, екінішісі ғаламторға жалған жарнама беріп алдайды. Бар керегі жеке мәліметтеріңізбен ұялы телефонға келетін код. Кейін шоттағы ақшаны аударып алады немесе банктен онлайн несие рәсімдейді. Полицейлердің мәліметінше, биыл интернет алаяқтық деректері былтырғыдан 30 пайызға көп.
Айгүл Әлиева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Медицина саласына шетелге түсуді армандадым және де ол үшін инстаграм парақшаларын іздей бастадым. Іздеп таптым бір адамды. Сол кісімен келісімшарт толтырып, 600 мың теңге ақшасын төледім. Ол кісі маған екі күннен кейін шақырту келеді деді. Бірақ ешқандай жауап болмады.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Ғаламтор арқылы сан соқтыратын алаяқтардың айласы күн сайын түрленіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, олар әлемдегі ең үздік ақпараттық технологияларды пайдаланады.
Марат Көлбаев, IT маманы:
Негізінен қашықтықтан басқа сервистік көмек көрсету үшін жасалған программалар. Мысалы, айтишниктар басқа елде, басқа қалада болса да, өзінің клиенттеріне сервистік көмек береді. Алаяқтар соны қолдану арқылы түгел телефонына немесе компьютерына доступ алады.
Мұндай қылмысты зерттеу қиын. Өйткені алаяқтардың дені ұйымдасқан топтар. Әрі әлемнің әр түкпірінде отырып жұмыс істей береді. Оған қоса, арнайы қосымшалар арқылы мекен-жайын жасырып, есепшоттағы қаржыны біреулердің атына аударып қана қолма-қол ақшаға айналдырады.
Ермек Манатов, Ақмола облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:
Интернет алаяқтар көбінесе Ресей және Украина елдерінің аумағында отырып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар арқылы қазақстандық ұялы байланыс операторларының нөмірлерін пайдаланады. Қазір біз апараттық бағдарламалық кешендермен қамтамасыз ететін көптеген компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Олармен келісімшартқа отырдық. Осының арқасында алаяқтардың IP мекен-жайларын анықтаудамыз.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Өңірде интернет алаяқтық өршіп барады. Былтыр айлакерлер 645 адамды сан соқтырып кетсе, биыл 841 іс тіркелді. Жыл басынан бері оның тек жетпісі ашылып, жәбірленушілерге әзірге 20 миллион теңге өтелді.
Ұмсындық Наурызбаева