Биыл еліміздегі өндірістерде 200-дей адам мерт болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл еліміздегі өндірістерде 200-дей адам мерт болған

08.11.2023

Елімізде өндірісте 200-дей адам мерт болды. Тағы мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған. Бұл биыл ғана тіркелген мәлімет. Айналдырған 10 айда апат та, опат та көп. Демек еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы сын көтермей тұрғаны айдан анық. Сонымен оқыс оқиғалар қай аймақта жиі тіркеледі? Қателіктен сабақ алып жатырмыз ба? Ақмаржан Ғафизқызы рет-ретімен баяндайды.

Наиль Юсупов аты шулы Арселор Миттал компаниясында ұзақ жылдар бойы жұмыс жасаған. Еңбектен ерте шеттетілуіне тура келген. Өйткені әр қадамы қауіпке толы өндіріс орнынан жарақаттанған. Ал аталған компанияда 23 жылда 3200-ден астам адам жарақат алып, 300-ге жуық қызметкер қаза тапқан.

 Наиль Юсупов, кенші

Мен Костенко шахтасында 35 жыл еңбек еттім. Бірақ өкінішке қарай зейнетке шыға алмадым. Себебі, шахтадағы кварц тозаңдары, газ сияқты зиянды заттар тыныс алу жолдарымды зақымдап, салдарынан өкпем қабынып, еңбектен ерте шеттетілдім. Бұл аурудың емі жоқ. Шынымды айтайын, мұндай факторлар өте көп. Бірге қызмет жасаған қаншама адам жарақат алғанын өз көзіммен көрдім. Себебі шахтада қорғаныс құралдары, техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Әлі күнге дейін кей қауіпсіздік ережелері сол Кеңес Одағы кезіндегідей.

Өндірісте ғана емес, құрылыста да қауіпсіздік ережелері елеусіз. Астанадағы құрылыс алаңында өткен айда ғана 4 альпинист биіктен құлады. Үшеуі қаза болды. Біреуі әлі ауруханада жатыр.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Мәселен Астанада кей құрылыс алаңында қауіпсіздік ережесі елеусіз. Дәл қазір біз 25-ші қабатты тұрғын үй кешенінің шатырына көтерілдік. Мұндай жоғары ғимараттарда жұмыс істейтін қызметкерлердің айтуынша, басты мәселе ғимараттарда мынадай арқан жіптерді байлайтын бекітпелер жоқтың қасы. Сәйкесінше жұмыскерлер кез келген жерге, құбырға немесе шатырға мықтап бекітіп өрмелеп немесе төмен қарай жүйіткіп, жұмыстарын атқара береді. Бірақ арқанға байланған тағдырдың кез-келген сәтте үзіліп кетуіне ешкім кепіл бермейді.

Жалпы «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп жайсыз жайтты жылы жауып қоятын жағдайлар да аз емес. Бірақ бүркемелей берсе бүліне түсетінін де ескерген жөн. Дегенмен ресми мәліметтің өзі өндірістегі қауіпсіздік мәселесі өзекті екенін дәлелдеп тұр.

Соңғы 9 айда 995 адам жарақат алса, соның 145-і түрлі себеппен қайтыс болған. Оқыс оқиғалар тау-кен, металлургия мен құрылыс салаларында жиі тіркеледі. Биыл Қарағанды облысында –123 адам, Абай аймағында – 83, Павлодар өңірінде – 81, ал Қостанай облысында – 69 адам жұмыста жарақат алған.

Сондықтан кәсіпорындардағы қауіпсіздікті күйшету керек. Бұған Президент жеке тоқталып, Үкіметке «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын» қабылдауды тапсырған болатын. Құжат жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Шетелдік өндірістерде жұмыскерлердің құқықтары әсіресе қауіпсіздігі бірінші кезекте қолға алынып, күшейтіле түседі. Яғни, жұмыс беруші барынша жұмыскерлердің қауіпсіздігіне қарау, олардың техникалық жағынан болсын, барынша олардың өмірін сақтауға өндірісте жарақат алу жолдарын азайтуға бағыт алады.

Еңбек қауіпсіздігіне селқос қарауды доғаруды сенаторлар да көтерді. Қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Яғни, еңбек инспекторларының жан-жағына жалтақ етпей, құзыретін кеңейту керек. Әйтпесе, жыл басынан бері өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы заң 4500 рет бұзылған. Соның бәріне солқылдақ заң мен салғырт басшы жауапты дейді сала сарапшылары.

Нұрлан Өтешов, Кәсіподақтар төрағасының орынбасары:

Техникалық инспектор өз көзімен көріп тұрса да, мына жақта зиян көп немесе зиян келіп тұр деп, жұмысты тоқтатуға қауқарсыз. Сол тұрғыда техникалық инспекторға сол құзыретті беру керек. Қазіргі кездегі еңбек кодексі және кәсіподақтар туралы заң жұмыс берушілерге еркіндік беріп қойған. Ал жұмыскерлерді кішкене шектеп тастаған.

Апаттың алдын алып және оны болдырмауды көздейтін халықаралық стандарт бар. Мақсаты - жұмыскердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Ол өндірісте кез-келген қызмет саласына арналған ортақ жүйе. Бұл стандартты шет елде еңбек қауіпсіздігін жақсарту үшін бұрыннан қолданады.

Анна Перес, Химиялық кәсіпорын қызметкері:

Химиялық кәсіпорын қызметкерлері мемлекеттік және жеке медициналық сақтандыру компанияларымен міндетті түрде келісім жасайды. Химиялық кәсіпорында қауіпсіздік мәселесі қатты қаралады. Базалық қауіпсіздікпен қатар ерте жастан зейнетке шығу мәселесі ұсынылады.

Ал Қазақстанда бүгінде 313 мың кәспоронның тек 1 пайызы ғана өз жұмысын халықаралық стандарт шеңберінде жүргізіп жатыр. Содан болу керек өндіріс саласындағы қауіп сейілмей тұр.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу