Мигранттар елімізден шекара асып, кете алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мигранттар елімізден шекара асып, кете алмай жүр

08.11.2023

Жүздеген мигрант шекара асып кете алмай жүр. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында шетел азматтары соңғы бір айдан бері соттың алдын торуылдауға мәжбүр. Қазақстанға нәпақа табу үшін келіп, елде жүру тәртібін бұзғандықтан олар шекарадан өткізілмей, құжаттары сотқа жолданған. Ал құзырлы орган өкілдері анықтама беріп үлгермей жатыр. 

Жүздеген адам күнде осылай құжаттарын алу үшін соттың алдын торуылдап жүр. Дені Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Қазан айынан бері мұнда тәулігіне мыңға жуық мигрнат жиналған кездер болыпты. Барлығына Көші- қон заңдылығын бұзған және уақтылы тіркеуге тұрмаған деген айып тағылып, іс әкімшілік сотқа жолданған. Жұмыссыз жүрген олар енді жақын маңнан үй жалдап, ас-сусыз амалдап жүр.

Тимур Тілеуов, Өзбекстан Республикасының азаматы:

Алматыда жасаған құжаттар жалған болып шығып жатыр. Ол базаға тіркелмеген деп жатыр. Әйелім қазір екіқабат. Мен айттым, әйелімнің құжаты дайын. Мені де жіберіңдер, кетейін бала-шағама десем, жібермей жатыр. Штраф болса, штраф төлейін.

Рустам Құрбанбаев, Өзбекстан Республикасының азаматы:

Біреудің мына жерде ақшасы бар, бірінің ақшасы жоқ. Бар болса да, ақшасы бітіп қалған. Көп адам мына жерде жатыпты суықта, көріп тұрсыз барлық жерде жаңбыр жауып жатыр. Далада қонып жатыр. Жағдай жоқ.

Еңбек мигранттарының дені жұмысқа отбасымен, бала-шағасымен келген. Олар да кезегін күтіп жүр. Әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай бүлдіршіндерге қиын соғып тұр.

Муроджон Хожиев, Өзбекстан Республикасының азаматы:

Қарағанды облысындағы көші-қон мамандары анықтама берген. Мына жақтағылар оны жарамсыз деп депортация жасап тастады. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Енді бес жыл жұмыс істей алмайтын болдық.

Қоғамдық тәртіпті жергілікті полиция күзетуде. Көрші ел азаматтарына бей жай қарамаған жергілікті халық кезектесіп ас-ауқатын беруде. Мұның өзі кезек күткендерге көп көмек болып тұр.

Вахид Усмонов, Өзбекстан Республикасының азаматы:

Осы жердің азаматтары үш мезгіл тамақ беріп жатыр бізге, тегін. Алғысымыз шексіз оларға. Ал тіркелмей жүргенімізге кінәлі өзіміз. Осы жердің заңына бағынамыз.

Ал әкімшілік соттағылар қаралатын іс құжаттарының үш есе көбейгенін айтады. Сондықтан, кезек көп. Мамандар түн қараңғысына дейін жұмыс істеуге мәжбүрміз дейді. Екі судья демалыс күндері де 500-ге тарта адамның ісін қараған. Жетпеген соң Түркістаннан тағы бір судья келген.

Берік Қайыпов, Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы:

Былтыр 12 айдың ішінде біздің сотымыз 3700 істі қараған жалпы. Биыл қараша айының жетісін қосқанда 9300 болған. Жұмыс көбейгеннен кейін сот күндіз-түні жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Түнгі сағат 11,12-лерге дейін жұмыс істеп жатырмыз күнде. Өйткені мына жағдайды жеңілдету үшін, адамдар далада қонып жүр.

Әкімшілік соттағылар келімсектердің көбеюі маусымдық жағдай деп түсіндіреді. Дегенмен, айға жуық созылған істі бірер күнде аяқтап, мигранттарды елдеріне қайтарамыз деп сендірді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу