Сыр елінің ауруханасы қатерлі ісікті анықтайтын қондырғымен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінің ауруханасы қатерлі ісікті анықтайтын қондырғымен толықты

08.11.2023

Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласы екі бірдей жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Құны бір миллиард теңге болатын бірегей техниканы алуға «Қазақстан Халқына» Қоры қаржы бөлді. Заманауи медициналық қондырғылар қатерлі ісік ауруының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қатерлі дертті дер кезінде анықтайтын кешен Жапонияның озық технологиясымен құрастырылған. Онда емдеу мекемелерінен табыла бермейтін ең соңғы үлгідегі маммография аппараты, жоғары дәлдікпен зерттейтін компьютерлік томограф бар. Бұл көліктер жол талғамайды. Енді облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл тұрғындары да сапалы медициналық тексеруден өте алады.

Олжас Ысқақов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Компьютерлік томогрофқа бару үшін аудан орталығына бару керек. Кейбір аудан орталықтарында әлі қойылған жоқ. Ал бұның бәрі қолжетімді. Арнайы тізіммен, графикпен бүкіл елді мекендерді аралайтын болады. Сол жердегі халыққа тиісті медициналық көмектерін, зерттеулерін жүргізеді.

Президент бастамасымен ашылған «Қазақстан Халқына» Қоры соңғы екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 миллиард теңге қаржы құйды. Соның нәтижесінде қордаланған біраз мәселе шешілді. Алдағы уақытта медицина ғана емес өңірдегі маңызды әлеуметтік жобаларға да қор есебінен қолдау көрсетілмек.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасының орынбасары:

 Қызылорда өңіріне15 жоба қарастырылған. Онда білім саласы бар, әлеуметтік саласы бар, спорт дейміз, денсаулық мәселесі бар. Біз бірінші мониторинг жасап қарап, зерттеп қазіргі кезде 10 ұсынысын таңдап, мақұлдап жатырмыз.

Игі шара аясында өңір медицинасының мақтанышы болған, білікті маман Ернияз Омаровтың есімі ұлықталып, қалалық аурухана ауласына дәрігердің бейнесі сомдалған бюст қойылды. Бұл барша ақ халатты абзал жандарға көрсетілген құрметтің шынайы белгісі.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу