25 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынуы мүмкін

09.11.2023

25 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы ойын бизнесінің қызметін реттеу бойынша бірқатар мәселе көтерді. Депутаттар алимент, салық және несие қарызы бар азаматтарды букмекерлік кеңселерге кіруіне заңмен шектеу қажет деп есептейді. Сондай-ақ, онлайн-казино ұйымдастырғандарды қылмыстық жазаға тартуды ұсынды. Әрі көшелерде, интернет және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселердің жарнамасына шектеу қою қажеттігін жеткізді. Себебі, заңсыз ойын бизнесінің үлесі жылжымайтын мүлік нарығынан екі есе асып түскен. Бүгінде 350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойынының құрығына іліккен. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардың лудоманиямен күрес жөніндегі жұмысын сынға алды. Ойын бизнесінің кесірінен 10 ерлі-зайыптының 7-еуі ажырасып жатыр. Былтыр Қазақстанда 3676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы:

Осы әлеуметтік маңызы зор мәселені шешу үшін өзімізге үлкен жауапкершілік алып отырмыз. Бұл ретте ойын бизнесі және лоторея бизнесі мәселе бойынша заңнамалық негіздер енгізу жөнінде бастаманы көтердік. Аталған жаңа нормалардың қабылдануы қоғамда бұл дерттен арылтып, жүйелі түрде сауықтыруға әсер ететіні әрине, сөзсіз.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу