Премьер-Министр Әлихан Смайылов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Өзбекстанға барды. Әлихан Смайылов сол елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, бауырлас екі елдің ынтымағына тоқталды. Қазақстан Үкіметі екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты серпінді дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты. Шавкат Мирзиёев өз кезегінде сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер- Министрі:
Екі ел арасындағы қарым-қатынас сенім мен өзара түсіністікке негізделген. Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азия елдеріндегі сауда саттықтың 70%-ы біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30%-ға артып, $5 млрд-қа жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд-қа жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз
Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммиті
Ташкентте Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммиті басталды. Жиынға Түркия, Иран, Әзербайжан президенттері, сондай ақ Тәжікстан мен Түрікменстан және Қырғыз елінің басшылары келді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өтіп жатқан саммитте сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайы талқыланды. Ұйымның жұмысын жетілдіру мәселелері де сөз болады.
Базаркүл Отыншиева