Өзбекстанда газ сақтау қоймалары 98% толған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда газ сақтау қоймалары 98% толған

10.11.2023

Қыстың қамын жаз ойла. Осы қағиданы берік ұстанған Өзбекстанда газ сақтау қоймалары 98% толған. Бұл туралы «УзТрансГаз» компаниясының өкілдері айтты.

Өткен жылғы қытымыр қыстан сабақ алған көрші ел газ бен электр қуатының алдағы уақытта үздіксіз берілуін қатаң қадағалауда ұстамақ. Аймақта әзірге жылы ауа райы сақталып тұр. Сондықтан газ қоймаларынан отын алу әлі басталған жоқ. Елдің энергетика министрлігі биыл газ тұтынудағы қажеттілікті 30 миллион текше метрге жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Қысы жаймашуақ болатын Өзбекстан үшін биылғы қаңтар айы ауыр болды. Қалың қар жауып ауа температурасы - 25 градусқа дейін төмендеген еді. Салдарынан жарық пен газ беру шектеліп, тұрғындарды айтарлықтай әбігерге салған.

Шахноза Равшанова, «Узтрансгаз» компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қоймаларда 3,5 млрд текше метрге жуық газ жинақталды. Отынның басым қоры «Газли» мен «Ходжаабад» жерасты қоймаларында сақтаулы. 2025 жылға қарай «Газли» қоймасының сыйымдылығын екі есеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу