2030 жылы Алматы агломерациясы халқының саны 4,5 миллион адамға жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2030 жылы Алматы агломерациясы халқының саны 4,5 миллион адамға жетеді

10.11.2023

Алматы агломерациясы халқының саны 7 жылдан кейін 4,5 миллион адамға жетеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Сәулетшілер одағының форумында айтылды.

Президенттің тапсырмасымен Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген, енді жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. Бұл жоспар Алматыда және қалаға іргелес жатқан аудандарда тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының дамуына мүмкіндік бермек. Ал қаладағы соңғы жиырма жылда шамадан тыс ретсіз салынған құрылыс пен сейсмикалық қауіпсіздіктің ескерілмеуі күрделі проблемаларға әкелген. Салдарынан шаһардың шынайы келбеті жоғала бастады. Мұны қала әкімі Ерболат Досаев та айтып отыр. Сол үшін былтырдан бері құрылыстағы әрбір жобаны тыңғылықты қарап жатқан қала құрылысы кеңесі, ұсынылған жобаның 55 пайызын кері қайтарыпты. Ал қазір көлік тығынын азайту үшін қала мен облыстағы қоғамдық көлік мәселесі талқыланып жатыр дейді мамандар.

Жанат Айтілеу, «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС бөлім басшысы:

Қалаға күніне 250 мыңнан аса көлік кіріп, кешке солар шығады екен. Қоғамдық көлікке ауыспағанша көлік тығыны азаймайды. Қаланың ішінде метро салынып жатыр, бірінші линиясы дейміз ғой, сол толық аяқталса, Қалқаман Барлық базарынан бастап, 1-ші Алматы вокзалына дейін салынып бітетін болса, халықтың дені сол метромен жүреді. Одан қалды жеңіл трамвай деп жатырмыз, ЛРТ оны да қайта салуымыз керек.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу