Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Әзірге бейресми деректер бойынша, ол азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтірген. Экс-шенеуніктің қылмысы дәлелденсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал қанды қылмыс орын алған Астанадағы мейрамхана қазір уақытша жұмысын тоқтатты.
Адам аяғы үзілмейтін мейрамхана қазір құлыптаулы. Таңға дейін түрулі тұратын перделері төмен түсірілген. Ал әлеуметтік желіде таралған мына бір видеодан мейрамхана алдындағы тәртіп сақшыларының көлігін анық көруге болады. Сол күні түнде кезекшілікте болған күзетші де дәл осы жерде қылмыс болғанын растап отыр. Алайда, тергеушілер ешкімге тіс жармауды тапсырған.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Қанды қылмыс кеше түнде осы жерде болған. Қазір қызметкерлердің біреуі де жоқ. Осы маңдағы адамдардың айтуы бойынша, барлығын тергеуге алып кеткен. Бірақта бізді осы жердегі күзетте қуып жатыр, мінекей.
Ал бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Қуандық Бишімбаевтың әйел адамды өлтірді деген күдікке ілініп, қамалғанын мәлімдеді. Бейресми мәлімет бойынша, ол азаматтық некедегі әйелі, 31 жастағы Салтанат Нүкенова. Ал оқиға болған мейрамхана экс-шенеуніктің жақындарына тиесілі.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Ал дәл осы қылмыс болған мейрамханаға көтерілетін жеделсатының жұмысы қазір тоқтап тұр. Тіпті осы жерге келуші адамдардың да қарасы тым азайып кеткен.
Әзірге қылмыстың нақты қай уақытта болғаны белгісіз. Тарап жатқан соңғы бейресми деректерге қарағанда, оқиға түн ортасында болуы мүмкін. Тек, келесі күні кешке ғана жария болды деген ақпарат тарады. Бұл оқиға бүкіл әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Желі қолданушыларының пікірінше, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың кесірінен жапа шеккен әйелдер көп. Соңғы бес жылда олардың саны 25 пайызға артқан.
Әлия Романқызы, қоғам белсендісі:
Бұл жаза өте жеңіл. Соның салдарынан бәріміз көріп отырмыз, немен аяқталып жатырғанын. Қазбаласақ бүйтіп қайтыс болып жатқан әйелдер саны өте көп. Сондықтан мен қоғам белсендісі ретінде бұл әкімшілік жауапкершілікті, ауыр қылмыстық жауапкершілікке көшіруді талап етемін. Бүкіл әйелдер қайтыс болғанын күтпесін!
Әйел адамды аса қатігездікпен өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев қазір тергеліп жатыр. Егер қылмысы дәлелденсе 8-ден 15 жылға дейін бас-бостандығынан айырылады.
Тәуірбек Бозекен