Қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жаңадан қабылданатын салық кодексінде осындай өзгерістерді енгізу қарастырылып жатыр. Бүгін Сенаттың Үкімет сағаты шағын және орта бизнес саласына арналды. Кәсіпкерлер енді қандай жаңа талаппен жұмыс істейтін болады? Самал Қабышева толығырақ.
Талдықорғандық кәсіпкер Эльмира Сұлтанова қосымша құн салығының өсуі мүмкін деген жаңалыққа қуанбаған. Қазір ол кәсібінен тапқан табысының 12 пайызын салыққа төлеп отыр. Ал салық мөлшері 12-ден 16 пайызға дейін көтерілсе қымбатшылық белең алады деп алаңдайды.
Эльмира Сұлтанова, кәсіпкер:
НДС өссе, біз де бағаны көтеру керекпіз. Оған қалай жұмыс жүреді ойлаңыздаршы. Халықтың өзі зорға жүргенде, қазір біз көтерсек баға, оған қарай жұмысшылардың айлықтарын көтеру керекпіз. Енді біз қарсымыз НДСтің көтерілгеніне. Халық та біле білсе, олар да қарсы болады деп ойлаймын.
Сенатор Ляззат Рысбекова да кәсіпкерлердің сөзін қолдап отыр. Депутат қосымша құн салығын өсіру мәселесі жан-жақты талқылануы тиіс деп санайды
Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қосымша құн салығын 12-ден 16%-ға дейін көтеру мәселесі жан-жақты зерттеуді қажет етеді және отандық кәсіпкерлермен талқылануы тиіс.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, елімізде 2 млн 200 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бірақ орта бизнестің бар деген тек аты ғана. Себебі, 99,9 пайызы шағын ғана кәсіпке жатады екен. Ал қалған 0,1 пайызы орта бизнесті қамтиды. Яғни, бар болғаны 2 мың 200 ғана кәсіпкерлік орта бизнестің еншісінде. Енді бұл саланы дамытуға басымдық берілмек.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» екі бағдарламасын біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы дайындалды. Шағын бизнесті ірілендіруге және орта бизнестің сапалы өсуіне кешенді ынталандыру әзірленді.Жаңа бағдарламада назарды субсидиялаудан бизнес үшін көбірек кепілдіктер беруге ауыстыру, облигациялық қарыздарды қолдау құралдарын жетілдіру, сондай-ақ, ШОБ жобаларын синдикатталған қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жоспарлануда.
Яғни, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсетіледі. Сенат төрағасы әкімшілік жүктемені азайту қажеттігін деп атап өтті. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев қайта өзгертпейтіндей заң қабылдануы қажет екенін ескертті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қазір біз бір заңды жылына кем дегенде бірнеше рет өзгертеміз. Осындай өзгеріске ұшырамаған заң бар ма? Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттік шешімдердің сапасы мен олардың қалай дайындалғанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысты мәселе осындай. Мүмкін, бұл ретте асықпау керек шығар. Оның орнына қабылдайтын шешімді жан-жақты пысықтап, барлық мүдделі тараппен тыңғылықты талқылаған дұрыс болар. Осылайша, барлық пікірді ескеріп барып, қайта өзгертпейтіндей етіп қабылдау қажет. Сонда ғана тұрақтылық болады.
Самал Қабышева, тілші:
Биыл елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге жариялаған мораторий аяқталады. Және қайта ұзартылмайды. Бірақ есесіне, Қазақстанда бизнесті жоспарлы тексеру екі есе азаймақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Яғни, 1 қаңтардан бастап тексеру автоматтандырылады, адамның қатысуынсыз жүргізеді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру саны 2 есеге, айыппұлдар санының бірнеше есе азаюына мүмкіндік бермек.
Самал Қабышева