Ұлттық экономика министрі: Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық экономика министрі: Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өсті

13.11.2023

Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетіп, жылдық инфляция 2 есе төмендеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Мемлекет басшысының қабылдауында айтты.

Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28 трлн теңгеден асқан. Министр мұны рекордтық көрсеткішке теңеп отыр. Қазір бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. 9 мың жобаға субсидия берілді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына бизнесті тексеру ісін 2 есе азайту үшін «жаңа реттеу саясаты» енгізілетіні туралы есеп берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бүгін ҚР Президентінің қабылдауында болдым. Осы қабылдауда Ұлттық экономика министрлігінің бірнеше бағыттарын баяндадым. Оның ішінде жаңа салық кодексі, жаңа бюджет кодексі туралы, оның ішінде салық саясатының негізгі тәсілдері, сондай-ақ ауылдарды дамыту бойынша тиісті тұжырымдаманы қалай жүзеге асырып жатырмыз, тарифті инвестицияға айырбастау реформасы бойынша және жалпы тұрақты экономиканы дамытуға кемінде 5,5-6 пайызға дейін жету үшін атқарылып жатқан шаралар туралы ақпаратпен бөлістім.


Хабарламаларға жазылу