Батыс Қазақстан облысында тұрғындарға киік етінің келісін 1200 теңгеден сатып жатыр. Ал ақбөкенді аулайтындар 8 комбинатқа етті 315 теңгеден өткізеді. Осы уақытқа дейін 17 бригада 10 мыңнан аса киік аулап үлгерген. Ал санитарлық талаптарды бұзып, көлік жуатын жерді, киік соятын цехке айналдырғандар жауапқа тартылды, дейді облыс әкімі.
Нариман Төреғалиев, БҚО-ның әкімі:
Круглозерный ауылында бір жағдай болды, көлік жуу орталығы киік сойды деген. Көлік жуу орталығы санэпидемиологиялық талапқа сәйкес, оны ет сою цехына айналдырған кезінде. Бірақ басындағы көлік жуу орталығы деген жазуын ауыстырмаған, жасыратыны жоқ. Осындай жағдай орын алды. Сосын әлеуметтік желіде әңгіме басталғасын ол жердегі мекемесін жауып тастады.
Сондай-ақ, Нариман Төрағалиев аймақта экономикалық өсімнің айрықша екенін атап өтті. Мәселен, облыс бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн-ға, ал инвестиция 429 млрд теңгеге өскен. Ал мемлекет басшысының инклюзивті ортаны қалыптастыру бастамасына сай, Оралда құны 7,5 млрд теңгеге болатын 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығы салынып жатыр.
Тәуір Бозекен